БҰЛАҚ СУЫ ТАЗА МА?

Қарағанды қаласында ресми 3 су көзі бар, қала тұрғындары 2 бұлақ пен 1 құдық суын тұтынуда. Олар Әлихан Бөкейхан ауданы аумағында орналасқан. Бұл мөлдір сулар адам үшін қаншалықты қауіпсіз екен?

Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан бұлақтан су алу үшін адамдар көптеп келеді. Мұнда Майқұдық тұрғындарынан бөлек Пришахтинск, Сұрыптау, Оңтүстік-Шығыс ықшамаудандарының жұрты да тіршілік нәрін тасып ішуді әдетке айналдырған. Олардың арасында тіпті бұл суды 20 жылдан астам пайдаланып келе жатқан жандар да бар.

Тіпті кей тұрғын бұл судан басқа тіршілік нәрін ішуден бас тартады. Олар мұндағы судың таза екеніне сенімді. Мамандар зертханалық бақылау тоқсан сайын жүргізілетінін айтты.

– Алғашқы тоқсанда сынама арқылы бұлақ суы таза екенін тексердік. Су тазалығы халық саулығы үшін аса маңызды. Тұрғындар қолданатын су болған соң үнемі назарда ұстаудамыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Анитова.

Бұл су көздерін абаттандыру мен күтіп ұстауды жергілікті атқарушы билік бақылайды. Нақты айтқанда, Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігінің аппараты. Жауапты мамандар мен жұмыскерлер бұл жерді апта сайын тазалап тұрады.

– Бұл бұлақтар иесіз, әрине. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өз балансына алуы тиіс қой. Әкімдік тарапынан санитариялық жұмыстар жүргізіліп тұрады, – дейді Әлихан Бөкейхан аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Ахмет Дәуленбай.

Дегенмен мамандар қолданыстағы судың қаупі жоқтығын алға тартып отыр. Алайда су тасқыны кезінде тіршілік нәрінің сапасы бұзылуын қалыпты жағдай деп мәлімдеді Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»