«БӘЙТЕРЕК» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Көз жауын алатын түрлі түсті костюмдер, әсем музыка, мың бұралған бишілер. Мұның барлығы «Жастар» спорт кешенінде өткен «Бәйтерек» жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауында. Түрлі жанрды қамтыған ауқымды бәсеке биыл осымен он екінші рет өткізілуде. Мұнда облыстың түкпір-түкпірінен ең талантты хореографиялық ұжымдар жиналған. Жалпы саны 1 500-ден астам қатысушы бақ сынады.
Бір ерекшелігі – бұған дейін тек би конкурсы ретінде өткізіліп жүрген байқау биыл «түрлі жанрлық шығармашылық конкурс» мәртебесін алды. Себебі қатысушылар арасында тек би ғана емес, театр, цирк өнері секілді түрлі жанрда өнер көрсететін жандар бар. Сонымен қатар шығармашылықтың шегі жоқ екенін дәлелдеу үшін ерекше балалар да өз әлеуетін көрсетуге жиналған. Іс-шараның мақсаты – өсіп келе жатқан шығармашыл, белсенді ұрпақты қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау.
– Алғашқы жылдары мұнда тек Қарағанды қаласының би ұжымдары қатысатын. Қазір байқау үлкен танымалдыққа ие. Облыстың әр шетінен қаншама дарынды бала осында келіп бас қосады. Сонымен қатар биыл байқау тарихында алғаш рет қырықтан асқан ересек топтар өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жаңа ғана сексеннің сеңгіріне шыққан әжелердің өнерін тамашаладық. Олардың көбі осы биге немерелерін әкеліп жүріп өздері де қызығушылығын тапқан. Оларға қарап тамсануға да, таңғалуға да болады, – дейді ұйымдастырушылар.
Байқауға бірнеше өнер түрінен қатысуға болады, яғни «Халық билері», «Эстрадалық билер», «Стильдендірілген халық билері», «Спорттық билер», «Заманауи билер», «Шығыс билері» және «Авторлық хореография».
Бір ерекшелігі – мұнда тек кәсіби бишілер ғана емес, әуесқой өнерпаздардың да қатысуға мүмкіндігі бар. Олар үшін байқау өте үлкен тәжірибе береді. Қазылар алқасы қатысушыларды орындау техникасы, композиция, хореография, имидж критерийлері жағынан бағалайды. Қазылар алқасының құрамына Тәттімбет атындағы өнер колледжінің және Қарағанды қаласының үлгілі ансамбльдерінің тәжірибелі хореографтары кіреді. Қазылар алқасының төрайымы – Тәттімбет атындағы өнер колледжінің Хореография бөлімінің оқытушысы Логинова Елена Николаевна.
«Айшырақ» ансамблі бұл байқауға алты топ алып келген. Олардың ішінде 9-дан 13 жасқа дейінгі жас таланттар жиналған. Солардың бірі Кәусар Шаймұрат байқауда Хорезм биін билейді.
– Біздің ансамбльдің ашылғанына бір жыл болды. Осы жылдың ішінде мен он шақты жарысқа қатысып үлгердім, Астана, Алматыда болдым. Басқа көптеген ұжымды көрдік. Өте әдемі костюмдер, түрлі би жанрын көрдік. Жарыс тамаша өтіп жатыр. Қарсыластарымыздың барлығы да мықты. Бірақ мен біз ең мықтымыз деп ойлаймын, – дейді кішкентай биші.
Ұжымдар 5 жас тобында (3-6 жас, 7-10 жас, 11-13 жас, 14-18 жас, 18 жас және одан жоғары) бағаланады. Яғни әр жас аралығындағы үздіктер анықталып отырады. Бір ыңғайлысы – нәтижелерді жарыс соңына дейін сарыла күтудің қажеті жоқ. Әр жастағы бишілер өнер көрсетіп бола салысымен марапатталып отырды. Қазылар алқасының шешімімен әр номинация мен жас топтарында бас жүлде, I, II, III орын лауреаттары анықталып отырды. Әр номинациядағы және жас дәрежесіндегі жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және тиісті дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сонымен қатар хореографиялық ұжымдардың барлық жетекшісі алғысхатпен марапатталды.
Нұрәсем АХАН,«QH»