«Бүгін — менің туған күнім, ой, пәлі-ай»
9 ақпан күні мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 91 жыл толды. Н. В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақиық ақынның туған күніне арналған «Жарқ етіп жанған бір сәуле» атты әдеби- сазды кеш өтті.
Кеш қонағы «Фариза мен Мұқағали» спектаклінде ақынның рөлін сомдаған Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Ахай Садуақасұлы Жұмамұратов қойылымға дайындығы және театр сахнасындағы қызықтары жөнінде бөлісті.
— Мұқағалидай ұлы тұлғаның рөлін сомдау мен үшін қиынға соқты. Бұл рөлге әлі де дайын емес екенімді мойындаймын. Ақынның жанын түсініп бағу, оның сол сәттегі сезімін, эмоциясын жеткізу оңайға соқпады, — дейді Ахай Жұмамұратов.
Кеш барысында «Жыр-жауһар» шығармашылық клубының мүшелері Мұқағалидың өлеңдерін оқып, актерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Бір сағатқа созылған кеш актердің қонақкәдесімен, ақынның «Балалық шақ» өлеңімен аяқталды.