БҰҰ бекіткен құндылықтар – адамзаттың үміт сәулесі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 77-сессиясы Жалпы дебаттарында сөз сөйледі. Қазақстан Президенті БҰҰ-ның штаб-пәтеріндегі кездесудің әлемдік геосаяси текетірестің жаңа кезеңіне қадам басқан адамзат үшін сындарлы кезеңде өтіп жатқанын айтты.

– Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды кедергілерге және экономикалық оқшаулануға байланысты проблемаларды атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды.

Қазақстан Президенті өз сөзінде 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысында осы уақытқа дейін біздің қызметімізді сәтті реттеп келгенін халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын жазып, бекіткенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің қатар бейбіт өмір сүруі сияқты негізгі үш қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.

– Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде, аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл – адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді, – деп сенім білдірді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға шақырды.

Өз тілшімізден