БҰҚАР ЖЫРАУ ДАҢҒЫЛЫНДА

Қарағанды қаласының бас даңғылы Бұқар жырау атында. Бұл даңғылда кеңестік дәуірде қаланың бас көшесі ретінде қалыптасып сонау 1930 жылдары алғашқы ғимараттар салына бастады.

Қала құрылысы мен шахта салу ісі, өндіріс ошақтарын ашу, өңірді геологиялық барлау ісімен сабақтастырыла жүріп жатты. Бірінші бесжылдықта Қарағанды көмір бассейнінде шахта құрылысы басталды

1930 жылы Қарағанды ауданында 2 жылжымалы мектеп болды, жазда 2 апталық хатшылық курстар жүргізіліп отырды. 5 саяси мектепте 92 адам оқыды. 1931 жылы барлығы 15 саяси мектеп – 3 кеңес партия мектебі, 2 саяси үйірмесі, 2 комсомол үйірмелері, 1 қыздар мектебі, ауылда 5 саяси мектеп болды.

Каланың 300 мың тұрғынға арналған бірінші бас жоспарын Мәскеудің жобалау институты 1938 жылы жасады. Облыс орталығы негізінен осы жоспарға сейкес салынды. Коғамдық және мәдени мекемелердің ғимараттары, көп пәтерлі тұрғын үйлер салына ба стады. Аз мерзім ішінде қаланың тұрғын үй қоры 412 мың шаршы метрге дейін өсті.

Калада 1936 жылы Қарағандыда қарқынды құрылыс басталды. Осы уақыт аралығында Орталық Қазақстан өнеркәсібі маңызды одақтық мағынаға ие болып, қалыптаса бастайды және оның одан әрі дамуы, марганец, темір, қорғасын, мыс кендерінің және Орталық Қазақстанның пайдалы қазба байлықтары химия кәсіпорындарының құрылысын жүргізуге мүмкіндік берді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен Қарағандыда үш аудан құрылды, олар: орталығы Киров атындағы шахта поселкесі болып табылатын Киров, орталығы Жаңа қаладағы Ленин жене Ескі қаладағы Сталин аудандары еді.

Қала құрылысы осы Сталин ауданынан бастау алды. Бұл ауданнның негізі көшесі Сталин даңғылына көп көңіл бөлінді. Осы көше қаланың бас даңғылы болып саналды. Алғашқы кезде екі, үш және бес қабатты үйлер болды.

1935 жылы Қарағанды халқы тұрғындарының саны 135 мың адамды құраса, 1941 жылы 165 818 мың адамға жеткен. Бұлар жұмысшы, инженертехникалық қызметкерлер болды, олар қаланың қоғамдық өндірісінде қызмет етті. Құрылыс жұмыстарының жақсаруы үшін 1935 жылы бірыңғай басқару ұйымы «Карагандашахтстрой» құрылды. Оның жасалуы құрылыс жұмыстарының өсуін тездетіп, құралдар орталықтандырылды.

1948 жылы қаланың осы орталық бөлігінде алғаш рет кеншілер күні аталып өтті. Осы кезеңнен бастап осы даңғыл бойында мейрам сайын халық шеруін өткізу дәстүрге айналды. Қалалық атқару комитетінің шешімімен 15 қараша 1961 жылы Сталин даңғылы Кеңес даңғылы болып өзгертілді.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде Қарағанды қалалық әкімшілігінің шешімен 23 қараша 1992 жылы қазақ халқының көмекей әулиесі Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау атына берілді.

Бұл күндері Бұқар жырау атындағы даңғыл қаланың басты алаңы болып табылады. Осы көшедегі Тәуелсіздік алаңы қаланы безендіріп тұр.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.