Қазыналы Қарағанды
Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Қазыналы Қарағандым!» атты байқау өтті. Қаламыздың 90 жылдық мерейтойына орайластырып өткізілген байқауға 15 пен 18 жас аралығындағы жастар қатысты. Сайыстың мақсаты Қарағанды жастарының назарын қала тарихына аударып, тарихи тағылымды, құнды ақпаратты ойларына сақтауға жәрдемдесу екенін айтты шара ұйымдастырушылары.
– Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай біздің кітапханада жасөспірімдерге арналған кітап апталығы өтуде. Кітап апталығы аясында Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай осындай керемет потриоттық сайыс өтті. Қатысушылар саны өте көп, барлығы зерек, ақылды. Бұл байқауға әр бала ерекше әрі тиянақты дайындықпен келген. Олардың интелектуалды потенциалын айрықша айтқан дұрыс. Болашақта бұл балаларға тек қана шығармашылық табыс тілеймін. Әрқайсысы тоқтап қалмай, өзін-өзі дамыта берсін, – дейді Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұргүл Каленова.
Аталмыш байқау 2 кезеңнен тұрды. Оқушылар бірінші кезеңде тест тапсырды. Онда Қарағанды қаласының географиясы, тарихы, мәдениеті, экономикасы, топонимикасы, көрікті жерлері, табиғи ресурстары, сондай-ақ қаламыздың белгілі тұлғалары жайлы сұрақтар болды. Ал екінші кезең өлкетану диктантына арналды. Диктант мәтініне Ғабиден Мұстафиннің әйгілі «Қарағанды» романы арқау болған. Екі кезеңнен де сүрінбей өткен, өзін ерекше қырынан көрсеткен оқушылардың бірі де бірегейі – Меруерт Түсіпханова. Ол бұл сайыстың өзі үшін ешқандай қиын болмағанын айтады.
– Бұл байқауды сонша қиын болды деп айта алмаймын. Себебі мен байқаудың алдында дайындалғанмын. Көптеген тарихи сұрақ кішкене қиындық туғызды. Сонымен қатар диктант алынды, диктант жазу мен үшін оңай болды. Ана тілінде сауатты жаза білу – біздің міндетіміз. Ұстаздарға, ата-анама алғысым шексіз, – деді С.Саттаров атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Меруерт Түсіпханова.
Шараға 27 білім беру ұйымынан жалпы саны 142 оқушы қатысты. Тестілеуден ең жоғары ұпайды №1 гимназия, №95 мектеп-гимназия және №48 жалпы білім беретін мектеп оқушылары жинады. Ал екінші кезеңнің қорытындысында №95 мектеп-гимназия, Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицей және Шәкәрім атындағы гимназия оқушылары суырылып алға шықты.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»