Қазына кірісі еселенді
Жыл басынан бері Қарағанды облысында мемлекеттік бюджетке 400,5 миллиард теңге көлемінде кіріс түсті. Бұл жоспарланған межеден 9 миллиард теңгеге артық. Нәтижесінде өңірде мемлекеттік бюджет кірісінің орындалу деңгейі 102,3 пайызды құрады. Бұл өңір экономикасының тұрақты дамып, салықтық түсімдерді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Мамандардың мәліметінше, бюджет кірісінің артуына өңірдегі экономикалық белсенділіктің өсуі, кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты жұмысы және салықтық әкімшілендірудің жетілдірілуі оң әсер еткен. Сонымен қатар салықтық бақылауды күшейту мен берешекті өндіріп алу шаралары да нәтижесін беруде.
Жыл басынан бері облыстағы салық берешегі шамамен 3 миллиард теңгеге азайған. Бұл кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерді уақытылы орындауға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын және мемлекеттік кірістер органдарының жүйелі жұмысының тиімділігін аңғартады.
Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл да тұрақты бақылауда. Алты айдың қорытындысы бойынша бюджетке түспей қалу қаупі бар 4 миллиард теңгеден астам қаражат көлеміндегі тәуекелдер анықталып, олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Биылғы жартыжылдықта заңсыз айналымнан 342 мыңнан астам қорап темекі өнімі тәркіленген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменовтің айтуынша, бюджет кірісінің тұрақты өсуіне бірнеше фактор ықпал еткен.
– Бюджет түсімдерінің артуына өңірдегі экономикалық белсенділіктің өсуі, кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты жұмысы және салықтық әкімшілендірудің тиімді жүргізілуі әсер етті. Салық берешегін азайту, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес және заңсыз айналымдағы акцизделетін өнімдерді анықтау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Басты мақсат – бюджетке түсетін қаражаттың толық әрі уақытылы түсуін қамтамасыз ету, – деді ол.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, алдағы кезеңде де бюджет түсімдерін ұлғайту, салық тәртібін нығайту және көлеңкелі экономика үлесін төмендету бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Бұл өңірдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтауға мүмкіндік береді.
Өйткені бюджетке түскен әрбір теңге білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Сондықтан бюджет кірісінің жоспардан артық орындалуы – өңір экономикасының тұрақты дамуының және мемлекеттік қаржының тиімді басқарылып отырғанының маңызды көрсеткіші.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

