Азия чемпионы

Тайландта өткен бокстан Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, қоржынға бірден үш жүлде салды. Осылайша, олар Қазақстан спортының биік шыңына бір қадам жақындады. Солардың бірі алтын медальға ие болған Аида Әбікеева.

   Тайландтың Чиангмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионаты биылғы жылдың басты спорттық оқиғаларының бірі болды. Қазақстан құрамасының мүшесі Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Финалда ол вьетнамдық Ха Линмен кездесті, және айқын басымдылышпен жеңіске жетті. Бұл жеңіс Қазақстан спортшылары үшін үлкен мақтанышқа айналды.

— Азияның алдында Қарағандыда іріктеу болған. Турнир болып, содан көзге түстім. Осылай Азияға бардым. Жақсы дайындық жасадым деп айта аламын. Алға қойған мақсатым жақсы болды. Бірінші орын аламын деп бардым. Және де сол бірінші орынды алып келдім, -дейді Азия ойындарының чемпионы Аида Әбікеева.

Аида көп жылғы еңбектің арқасында осы жеңіске жетті. Оның жаттықтырушылары – Елдос Сайдалин мен Ғалымбек Кенжебаев, олар Аиданың Азия чемпионатына дайындық кезінде жетекшілік етіп, оның үлкен спорттағы жолын бастаған жандар. Бірақ оның алғашқы жаттықтырушыларының бірі — Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің аға жаттықтырушысы Аркадий Топаев болды. Бұл мектепте Аида өзінің алғашқы қадамдарын жасап, боксқа деген қызығушылығын арттырды.

— Біздің Қарағандының жеңісі емес, барша Қазақстанның қуанышы. Өздеріңіз көрдіңіздер, Азияда біздің қыздар 5 алтын алды, соның бірі біздің Аида. Құтты болсын, бәрімізге жеңіс ортақ, -дейді Аркадий Топаев.

Осы мектептің тәрбиеленушісі Аида жеңіске жетіп, бүкіл мектеп ұжымын мақтанышқа бөлегені сөзсіз. Мектеп-интернат-колледжінің басшысы Ерден Халилин жеңімпазға өз алғысын білдіріп, алда болар жарыстарына сәттілік тіледі.

-Бұл жерден небір спортшылар шыққан. Аида соның жалғасы, әлі де шығады деп есептейміз. Алдағы уақытта жарақат алмай, жоспар бойынша дайындықты жүргізіп, әлем чемпионатына жақсы дайындық жүргізіп, қазақ елінің туын жоғарыдан көтеруіне тілектеспіз, -деп атап өтті Ә.Молдағұлова атындағы олимпиядалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің басшысы Ерден Халилин.

Анасы – Қарлығаш Кенжебековнада Аиданың жетістігіне үлкен көңіл бөліп, баласының жеңісі үшін қуанады. Олар отбасымен бірге Аидаға қолдау көрсетіп, әр жекпе-жегіне шыққан сайын уайыммен қарайтындарын айтты.

— Бізде тақымымызды қысып отырдық. 3 жекпе-жек өткізді. Өзбек спортшысы, екіншісі Тайланд қызы, үшіншісі вьетнам боксшысы. Барлығын баламыз жеңіп шығып, қазақ еліне үлкен бір қуаныш сыйлады, –деді Аиданың анасы Қарлығаш Әбікеева.

Аида Әбікеева осы жеңісімен тек өзінен ғана емес, Қазақстан спортшыларынан да үлкен үміт күттіретін бір тұлға екенін дәлелдеді. Оның жеңісі бүкіл Қарағанды облысының және Қазақстанның спорттық арсеналында маңызды орын алатыны сөзсіз.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»