Азамат Жолманов: Жастарды мемлекет ісіне тарту – міндетіміз

Азамат Жолманов: Жастарды мемлекет ісіне тарту – міндетіміз Президентік жастар кадр резерві бойында қайраты бар, алға қойған мақсаты айқын, жалындаған жастардың дамуына зор үлес қосып келеді. Жастардың өсуіне мүмкіндік жасап келе жатқан кадр резервінің ерешелігі қандай? Жастар мемлекеттен жеткілікті деңгейде қолдау алып жатыр ма?

Nege.kz порталының осы сауалдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов жауап берді.

– Қазіргі таңда жастардың әлеуетін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар толассыз атқарылуда. Ал сол істерге жастардың қызығушылығын ояту үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

– Мемлекет жастарды оқыту мен дамытуға айтарлықтай назар аударуда. Жастар саясатын барынша жетілдіру аясында бағдарламалар уәкілетті органдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Өз кезегінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, Агенттікпен Президент Әкімшілігіне Жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып, жақсы нәтиже көрсеткен жас мамандарды оқу аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналастырып, өңірлердің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін ұсынысты енгіздік.
Бұл бастама аймақтардағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал ете отырып, түлектерді өңірлерге оралуға ынталандыратын болады. Бұдан басқа, еліміздің бүкіл өңірінде «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жұмыс істеп келеді, онда Жоғары оқу орындарының мыңдаған студенті мен түлегі мемлекеттік басқару бағыты бойынша білім алып жатыр. Бұл – оң нәтиже көрсетіп, өз жемісін берген жобалардың бірі. Бастама мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыратынына сеніміміз мол. Арнайы білім алған жастар өмір жолын мемлекеттік қызметпен байланыстырып жатса, кіру тәртібін де оңтайландырмақ ойымызда бар.

Сонымен қатар, білікті әрі талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында 2019 және 2021 жылдары Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілді . Қазіргі таңда Президенттік жастар кадр резерві құрамына енген 350 жас маманның 218-і мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда резерв аясында жұмысқа орналастырылды.

– Жастар саясатын қалыптастырып, жүзеге асыру үшін қандай мәселеге басымдылық берген жөн?

– Мемлекет жастарға өз таланттарын пайдалануға және белсенді азамат ретінде қатысуға жағдай жасаған кезде жастар қоғамның толыққанды мүшесіне айналады. Бұл ретте жастарды дұрыс бағдарға бағыттауға басымдылық берген жөн деп есептеймін.

Сонымен қатар, жас буын көп жағдайда жастар саясатынан қалыс қалып жататыны бар. Осынау маңызды бағытты әзірлеуге және іске асыруға қатыспайды. Сондықтан кері байланыс алу үшін оларды негізгі стейкхолдерлер ретінде саясатты қалыптастыру процесіне кеңінен тарту қажет.

Тәжірибесі мол мамандар мен бастамашыл жас буын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса, дамудың даңғыл жолы айқындала түсер еді.

– Президенттік жастар кадр резервінің ерешелігі қандай? Жастар мемлекеттен жеткілікті деңгейде қолдау алып жатыр ма?

– Жастарға жан-жақты көмектесу мен қолдау саясаты жалғасып келеді. Бұл жұмыс мемлекеттік қызметте де іске асырылып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасына байланысты Агенттік алдында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылған.