Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – Абай Құнанбайұлы

Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, кемеңгер ақын. Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салушы, ақынның шындық дарыны аса қуатты және сан қырлы, керемет суреткер және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Абай поэзиясы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс, жаңа кезең болғанын айта отырып, ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі, сарқылмас қайнар көзі халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды туғызған халықтың сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз. Осындай әдеби-мәдени құнды мұраларының бірі – Абайдың тұңғыш жинағы. Ақын мұрасы республикалық кітап мұражайының сирек қорында сақтаулы. Кітапханалардың мақтанышына айналған бұл кітап 1978 жылы Әбіш Жиреншиннің кітапханасынан алынған. Революцияға дейінгі қазақ кітаптары, соның ішінде Абай өлеңдерінің жеке жинақ болып баспадан шығуы тарихи маңызы бар, мәдени қозғалысқа өзгеше әсер еткен зор құбылыстардың бірі болды. Ақын жинағының жарық көргеніне биыл 115 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай Шахтинск қаласында орналасқан орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №16 филиалында әдеби пікірталас ұйымдастырылды.

Шахтинск қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №16 филиалында Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағының шыққанына 115 жыл толуына орай «Халық жаны жырда үндес» атты әдеби пікірталас өтті. Айтулы шараға №25 мектептің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Қызықты басқосу «Қарағанды қаласының 90 жылдығына – 90 кездесу» жобасы аясында өткізілді. Шара жүргізушісі кіріспе сөзінде жиынға қатысушыларды таныстырып, кітап көрмесіне шолу жасады.

Айтулы шараның модераторы, академик Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жұмагелдин Жанайдар Шаймерденұлы Абай есімімен дарқан далада әуезді, сырлы жаңа қазақ поэзиясы дүниеге келгенін айтты.

– Қазақтың ұлы ақыны Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын оқи отырып сөз өнерінің күш-қуатына тәнті боласыз, оған бәрі де қолжетімді. Ән әуені, талғамға сай стилі, баурап алатын сазы. Абайдың әдеби мұрасы (өлеңдері, поэмалары, аудармалары, философиялық ой-толғаулары) қазақ әдебиеті тарихының баға жетпес қазынасына, халқымыздың рухани мәдениетінің биік өресіне айналды. Бұл тарихи жинақ қалай жарық көрді? Ақынның көзі тірісінде ешқандай жинағы жарыққа шықпаған. Ақын өлімінен кейін жақын туыстары Әлихан Бөкейханның кеңесімен оның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлейді. 1905 жылы Кәкітай мен Тұрағұл Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Содан кейін ауыл молдасы, жазудың хас шебері Мүрсейіт Біке баласына әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Абай шығармаларының көшірме қолжазбалары дайын болған соң, Кәкітай Омбы қаласына аттанады. Кәкітай сол жерде Әлихан Бөкейханмен кездеседі, – деп атап өтті алқалы жиынның қонағы Жанайдар Жұмагелдин.

Одан кейін сөз алған №16 филиал меңгерушісі Наталья Геннадьевна Фирсова Абайдың бүкіл өмірі мен шығармашылығы Отанға аянбай қызмет етудің үлгісі екенін айтты.

– Ақынның тұңғыш жинағының текстологиялық жағынан деректемелік мәні зор. Жинақта Абайдың отыз тоғыз жасында, яғни анық үлкен ақын шеберлігіне жеткен шағында жазған өлеңдерінен бастап ең таңдамалы шығармалары басылған. Шығармалары түгел басылып шықпаса да, осы бірінші таңдамалы өлеңдер жинағының өзімен-ақ Абайдың ақындық атақ-даңқы кең жайылып, оның қадір-қасиеті қалың қазақ халқына таныла бастады. Ақын өлеңдеріндегі бірталай маңызды ой-пікірлер поэмалары мен қарасөздерінде жалғасып, толыға түскен. Абайдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнектерімен байытуға сіңірген еңбегі шексіз. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіктей қоспасы жоқ таза қалпында, қарапайымдылығымен құнды, – дейді Наталья Фирсова.

Жоғары сынып оқушылары ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, оқыған дүниелерін талқылады. Шараға қатысушылардың саны 40-тан астам. Жиын соңында «Абай ойының ұлылығы» атты викторина өткізілді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»