Қазақтың қыран ұлы
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінде батырдың 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Қазақтың қыран ұлы ұлықталған патриоттық шараға «Астана» өңірлік қолбасшылығы ӘҚБ, 31775 әскери бөлімі, 50185 әскери бөлімі, 44803 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері, Ауған соғысының ардагерлері, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.,
Ел басына күн туған шақта бейбіт күн үшін аспан әлемінде еркін самғап, қалың жауға қырандай түйілген батыр есімін ұлықтау Қарағанды гарнизонының жеке құрамының сап түзеп, «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскерлер қолбасшының міндетін атқарушы, полковник Шәкен Жарылқасынов жарғыға сай сәлемдесуімен басталды. Осыдан соң жиналған қауым батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен «Аспан ұлының» рухына құрмет көрсетті.
— Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов өлмес ерліктерімен ел есінде қала білді. Оның өнегелі өмірі жас сарбаздарды жауынгерлік рухта тәрбиелеп, ерліктерге бастайды. Батыр бабамыздың 100 жылдық мерейтойы ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығымен тұспатұс келді. Осы жиынды пайдалана отырып, бәріңізге мықты денсаулық, бейбітшілік, амандық тілеймін. Отан игілігі жолындағы абыройлы қызметте толағай табыс тілеймін, — деді салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы құттықтау сөзінде.
Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге, ерлігі елге мақтан, батырлығы мәңгілік дастан болған Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамыз күні Ақмола облысы Майбалық ауылында дүниеге келген. Бой түзеп, бозбала атанған шақтан әскери өмірге араласқан ол 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға түседі. Саратовтағы ұшқыштар мектебін сержант шенімен бітіріп, Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды. Қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «ИЛ-2» штурмовигімен ұшуды үйренеді. Әуелден әскери өмірді қалаған өжет ұл үшін соғысқа араласу секемдік туғызған емес. Жалпы, Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігімен көзге түскен 154 сарбаз «Кеңес Одағының Батыры» атағын екі мәрте алса, оның төртеуі — қазақстандық. Оның ішіндегі жалғыз қазақ Талғат Бигелдинов. «ИЛ-2» штурмовигімен көк жүзінде 500 сағат болып, 305 рет әскери шабуылға шығып, Берлинді алуға бірінші болып қатысқан қайсар қазақтан жауы жас балаша қаймыққаны сонша, Талғат мінген ұшақты олар «Қара ажал» деп атаған екен.
— «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, жастарды тәрбиелеу үшін биікті, шыңды көрсетіп, оған апарар жолды меңзеп отыру керек. Талғат Бигелдинов — сондай үлгі етуге тұрарлық ерліктің бір шыңы. Ұлы Отан соғысына қатысып, қазақ жерін жаудан жасқанбай қорғай білген тұлға. Қазақтан шыққан алты ер жүрек азамат екі рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, Талғат ағамызға ғана берілген. Бұл оның аласармас даңқын аңғартады, — деді ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, Ауған соғысының ардагері Амангелді Жантасов.
Көкті бағындырған, жауын жасытып, өзіне табындырған қазақтың қайсар ұлы майдандастары арасында «Қазақтың қыраны» атанған. Қарша бораған оқтың арасынан, қан майдандағы оттың арасынан аман оралған батырдың соғыстан кейінгі саналы ғұмыры да салиқалы, көпке өнеге. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз қалаларда аэропорт салу ісіне үлес қосады. Бигелдиновтың ғибратты әңгімелерінің өзі ауыздан ауызға тарап, аталы сөз ретінде жұрттың жадында жаттаулы. 305 рет оқылған дұға туралы айтқаны батырдың жүрегінде иманның мықтылығын көрсететіндей. ҚМДБ өкілдерімен барған Ержан қажы Малғажыұлымен сұқбаттасқанда Талғат Бигелдинов былай деген екен: «Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем діндар болатын. Бізді имандылыққа, инабаттылыққа үйретті. Жаны таза жан болды, жарықтық. Бізге күнде кешке жатарда дұға айтқызып, ұйықтататын. Маған мынадай бір дұғаны үйретіп, құлағыма әбден сіңдіріп тастапты. Арапшасын айтып, жаттатқызды.: «Бисмилләһи, тәуәккәлту ъалаллаһу уә лә хаула уә лә қууатә иллә биллә». Мұның мағынасы: «Ей, Алла, өзіңе өзімді тапсырдым, түрлі қауіп-қатерден сақтай гөр. Тәуекел еттім». Осы дұға маған көп көмектесті. Иманды адамды Құдайдың өзі қорғап жүретінін сонда білдім. Дұға — мұсылманның қорғаны».
Қарт қыран өмірінің соңына дейін ерлікті дәріптеп, жас буынға Отан үшін жанкешті болу жолын үйретумен болды. Оның қайсар мінезі, өр тұлғасы, сертке бекем, антқа адалдығы бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Талғат Бигелдинов көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленген батыр. 2000 жылы Көкшетауда ҰОС даңқты батырының қола мүсіні қойылған. Сондай-ақ, өткен жылы НұрСұлтанда ескерткіш орнатылды. Мерейтойлы мерекеде сол ескерткіш басына келген Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың ерлік жолы, оның Қазақстанның азаматтық және әскери авиациясын дамытуға, елдің мәдени нысандары мен индустриялық инфрақұрылымын салуға қосқан баға жетпес үлесін былай деп атап өтті:
«Авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың өмір жолы — ХХ ғасырдағы сұрапыл соғыстың ошағынан өткен батырлықтың, қажымас қайраттың, табандылықтың айқын үлгісі. Біз, батырдың ізін басып келе жатқан ұрпақ және жас буын қазақ халқының батыр ұлының жанқиярлығын мақтан етіп, ерлігін жадымызда мәңгі сақтаймыз»
Осы күні Ақтөбе қаласының Әуе қорғанысы күштері әскери институтындағы Әскери даңқ мұражайында экспозиция ашылды. Онда Бигелдиновтар отбасының жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер, батыр өмірінің кей сәттерінен естелік-жәдігерлер қойылды. Ер есімін ерекше ұлықтаған Қарағандыдағы батыр есімі берілген республикалық әскери мектеп-интернаты болашақ ел қорғандарын тәрбиелейтін қара шаңыраққа айналған. Мұнда білім алатын әр курсант батыр аталарының ерлігін жатқа біледі, әрі осындай жерде білім алатындарын мақтан тұтады. Өр тұлғаның өмірін өздеріне өнеге еткен әр әскеридің бойынан өжеттілік аңғарылады.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»