Қазақ тілі тегін үйретіледі

Қарағандыда «Батыл бол» тегін қазақ тілі клубы ашылды. Клубтың негізін қалаушы алматылық Алексей Сколозубов. Алексей бірнеше ай бұрын еріктілер тобын жинап, Алматыда жұмысын бастаған.

– Алексей осы идеяны айтқанда, мен қуана келісіп, қолдадым. Ағылшын тілі мұғалімі және қазақ тілінде еркін сөйлейтін адам ретінде сабақ өткізе аламын. Алматыда да қазақ тілін үйренгісі келетіндер аз емес, – дейді Ақжарқын Өмірбекова. – Кейін біз Тараз қаласында да осындай клуб аштық. Қазір Қостанайда да бір клубымыз жұмыс істеп жатыр. Енді кеншілер астанасы – Қарағандыда да іске кірістік.

Клубтың негізін қалаушылар шағын топқа арнап аптасына бірнеше рет сабақ өткізуді жоспарлап отыр. Ана тіліміз түрлі ойын мен диалог-әңгімелер арқылы үйретіледі.

– Барша қарағандылықты қазақ тілін үйренуге шақырамыз. Грамматиканы емес, ауызекі сөйлеу тілін оқытамыз, – дейді Ақжарқын. – Мемлекеттік тіл әндер мен ойындар арқылы оқытылады. Мысалы, жастар арасында танымал «Мафия» ойынын қазақшаға аудардық. Сондай-ақ тілді жетік білетін еріктілерді де бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.

Ұйымдастырушылар да, мұғалімдер де тегін жұмыс істейді. Негізгі мақсат – қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты ояту және мүмкіндігінше көп адамды қамту. Сабақтарға қазақ тілін меңгерем деген 13 жастан асқандардың барлығы қатыса алады.

Клубқа «Батыл бол» деген атаудың берілуінің өзі тегін емес. Көп адам қазақ тілінде сөйлеуден ұялады, қате сөйлеп достары мен жақындарының келекесіне қалғысы келмейді. Клубтың негізін қалаушылар осы кедергілермен күресіп, тіл үйренушілердің қорқынышын жеңгенін қалайды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»