Қазақ театр өнерінің жарық жұлдызына құрмет көрсетілді
Қайныкен Әлімбаеваның туғанына 100 жыл толуына орай Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры сахнасында «Жүректе қалған жарқын бейне» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Тағылымды шарада қазақ театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан актрисаның шығармашылық жолы мен өнердегі өнегелі өмірі кеңінен насихатталды. Кеш барысында әріптестері мен өнерсүйер қауым Қайныкен Әлімбаеваның сахнадағы қайталанбас бейнелері мен мәдениет саласына қосқан еңбегін еске алды.
Қайныкен Әлімбаева – қазақ театр өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Актрисаның шығармашылық ғұмыры ұлттық сахна тарихында айрықша із қалдырған. Көрермен назарына оның өмір жолының маңызды кезеңдерін қамтитын театрландырылған қойылым ұсынылды. Қойылым барысында өнер иесінің өмірбаянына негізделген сахналық көріністер, оның кәсіби театрға шақырылуы, «Қыз Жібек» спектакліндегі рөлі, сондай-ақ белгілі мәдениет қайраткерлерімен шығармашылық байланыстары көркем түрде көрсетілді. Сонымен қатар Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі аясындағы өнері де сахналық шешім арқылы әсерлі бейнеленді.
– Қайныкен Әлімбаева – қазақ халқының жүрегінен орын алған ерекше тұлға, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан жарық жұлдыз. Ол өзінен кейін өшпес із, мәңгілік өнер мұрасын қалдырды. Бұл кеште біз тек көрнекті актрисаны еске алып қана қоймай, сахна тілі арқылы қазақ театрының қалыптасу кезеңін қайта жаңғыртуға, табиғи дарыны мен өнерге деген адалдығының арқасында үлкен өнер биігіне көтерілген жанның шығармашылық жолын көрсетуге талпынамыз, – деді Қазақстанның халық әртісі Кеңес Жұмабеков.
Қайныкен Әлімбаева – Қарағанды өңірінің театр өнері мектебінің айтулы өкілдерінің бірі. Ол мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған.
– Менің анам өнерге шын берілген жан еді. Ол сахнаны өз үйіндей сезінетін. Ортамыздан кеткеніне 22 жыл өтсе де, артында қалдырған рухани мұрасы біз үшін үлкен тағылым. Бүгінгі кешке оның немере-жиендері де қатысып отыр, – дейді Қ.Әлімбаеваның қызы Зүбаржат Әлімбаева.
Кеш Қайныкен Әлімбаеваның шығармашылығынан алынған мұрағаттық қойылымдармен және оның шәкірттері орындаған сахналық көріністермен жалғасын тапты.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

