Қазақстанның үш қыры – бір көрмеде
Қазақстанның кең даласы, еркіндікті сүйген тұлпарлар мен адамзаттың ғарышты игеру тарихы – бір көрмеде тоғысты. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Қазақстан стихиялары: Жер, Грация және Ғарыш» атты фотокөрме ашылды. Экспозицияға «Қарағанды» фотоклубының үш фотографы қатысып, туған елдің табиғаты мен рухын әр қырынан бейнелеген.
Көрменің ерекшелігі де осында. Бір автор үшін Қазақстан – асқар таулары мен шексіз табиғаты арқылы көрінсе, екіншісі елдің болмысын жылқы бейнесі арқылы жеткізеді. Ал үшінші фотограф адамзаттың ғарышты бағындыру тарихымен тығыз байланысты Байқоңырды нысанаға алған.
– Биыл музейімізде Қазақстанның табиғатын, мәдениетін және оның ерекше көріністерін әртүрлі жанрда таныстыратын жобаларды біріктіруге тырыстық. Бұл көрмеде үш автордың үш түрлі көзқарасы бір кеңістікте тоғысып отыр, – дейді музейдің ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Заитова.
Экспозициядан тау жоталарының айбынды келбеті, жылқылардың көркем портреттері, ғарыш айлағының түнгі көріністері мен сәулеттік нысандарды бейнелейтін кадрларды көруге болады. Әр фотосуретте автордың жеке қолтаңбасы байқалады. Соған қарамастан, туындыларды біріктіретін ортақ тақырып – Қазақстанның табиғи және тарихи кеңістігі.
Көрмедегі табиғат тақырыбын фотограф Тахир Мухтаров ұсынған. Фотографиямен жиырма жылға жуық уақыт бойы айналысып келе жатқан автор үшін табиғат – басты шығармашылық тақырып. Оның экспозицияға енген жұмыстары соңғы он бес жылдағы сапарлары барысында түсірілген. Қазақстанның ең көрікті өңірлерімен қатар, шетелдегі табиғи мекендердің де кадрлары жинақталған.
Фотограф көрмеге қойылған 35-ке жуық жұмысты ұзақ жылдар бойы жинаған. Әр сапардан жүздеген кадр әкелінгенімен, олардың арасынан ең әсерлі әрі мазмұнды дүниелерді іріктеу оңай болмаған.
– Мен бұл тақырыпқа әрдайым ерекше толқыныспен келемін. Табиғат тыныштықты қалайды және оған ұқыпты қарауды қажет етеді. Мұндағы 35 жұмыс 15 жылдың ішінде жиналды. Әр сапардан жүздеген фотофайл алып қайтасың, соның ішінен ең елеулі, ерекше дүниелерді таңдап алуға тырысасың, – дейді Тахир Мухтаров.
Ал Михаил Максимовтың шығармашылығында ғарыш тақырыбы ерекше орын алады. Фотограф көпшілікке аңыз болып қалған Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшырылымдарды түсіріп, ғарыш тарихының маңызды сәттерін кадр арқылы сақтауға тырысқан.
Оның айтуынша, әсіресе түнгі ұшырылымдарды түсіру үлкен дайындық пен сәттілікті талап етеді. Зымыранның көкке көтерілген сәті, ұшыру алаңының жарықтары мен алып кеңістіктегі қозғалыс – көрмедегі ең әсерлі кадрлардың қатарында.
– Осы көрмедегі ең сүйікті кадрларымның бірі – Байқоңырдағы түнгі ұшырылым. Мұндай сәтке дәл түсу өте қиын. Ұшырылым кезінде зымыранның көтерілуі мен тұғырлардың жан-жаққа ажырағанын бір мезетте түсіру керек. Байқоңыр – адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы орны ерекше мекен, – дейді Михаил Максимов.
Экспозициядағы үшінші бағыт – жылқы әлемі. Лия Макаридің фотосуреттері қазақ даласымен біте қайнасқан тұлпарлардың табиғатын көрсетуге арналған. Автор әр кадр арқылы жылқының еркіндікке ұмтылған болмысын, сымбаты мен мінезін жеткізеді.
Осылайша үш фотографтың жұмысы бір көрмеде тоғысып, Қазақстанның үш түрлі бейнесін ұсынады. Табиғат – елдің кеңістігін, жылқы – оның еркін рухын, ал Байқоңыр – адамзаттың асқақ арманын білдіретіндей.
Фотокөрме көрерменге Қазақстанды жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Мұнда туған жердің сұлулығы ғана емес, оны сезіну, бағалау және тарихын есте сақтау идеясы да бар.
«Қазақстан стихиялары: Жер, Грация және Ғарыш» көрмесі өнерсүйер қауымға қыркүйек айының соңына дейін ұсынылады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

