Қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
2023 жылға елдің экономикалық хал-ахуалын саралай отырып, әлеуметтік тұрғыда халықты қолдау бағытында бірқатар жағымды жаңалық жасалды. Қаржылық айқындық деңгейін арттыру жайты да қолға алынды. Осылайша түрлі сала бойынша еңбекақы жоғарылап, жалпыхалықтық декларациялаудың 2-кезеңі жалғасты. Бұл санатқа квазимемлекеттік сектор да қосылды. Ендігіде мемлекеттік мекеме, бюджеттік ұйым қызметкерлері мен олардың жұбайлары есеп береді.
Мемлекет алдындағы шынайылық жолында жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және барлық табысы ашық көрсетіледі. Декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеге дейін, электронды нұсқада 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек.
«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды, оның ішінде ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері 53 076 теңге, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 24 341 теңге.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді. Ендігіде бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Бұрын ол тек 1 жасқа дейін берілетін. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзартылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Осыған дейін ел Президенті жарлығымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексеру, профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтатқан, үш жылдық мораторий енгізілген. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақпарынша, бұл мораторий пандемия кезінде кәсіпкерлерге үлкен қолдау болды.
Талайдан бері көптің талқысында жүрген зейнеткерлік жасқа қатысты да мәселе нақтыланды. Ендігіде әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Айта кету керек, бұл бастама Президент тапсырмасымен іске асырылып отыр.
Қатерлі сала саналатын өрт сөндірушілердің жалақысы 10-нан 70 пайызға дейін өседі. Бір жылдан бес жылға дейін жұмыс істеген қызметкерлер айына 180 мың теңге алатын болады. Одан кейін бес жылдан 10 жылға дейін жұмыс істегендер жалақысы өседі. Еңбек өтіліне байланысты жалақы өседі. 15 жыл және одан да көп жұмыс істегендер үшін жалақы 300 мың теңгеден жоғары болады.
1 қаңтардан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Бұл бірінші кезекте балабақша тәрбиешілеріне, мектеп және колледж педагогтеріне, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты.
Сонымен қатар жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің жалақысы өседі.
Жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған, бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.
Жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш көлемі 3 450 теңгені құрады. Осы айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты айыппұл көлемі де артады. Яғни айыппұл мөлшері 13 пайызға көбейеді.
Сондай-ақ шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру басталады. Бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастыру шараларын жасады. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. ІІМ хабарлауынша, азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді. ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірледі. Жеңілдетілген автонесие де жалғасын табады. Биыл қазақстандықтар екі мыңға жуық көлік сатып ала алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтқан болатын. Бағдарлама әлі аяқталған жоқ. Бөлінген қаржы айналымда жүр. Яғни бұған дейін алынған автонесиелердің ақшасы несие ретінде қайтарылып жатыр және ол басқа азаматтарға жаңа несие ретінде беріледі.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»