Қазақстандағы туризмді дамыту түйткілдері
Қазақстан экономикасының қазіргі заманауи дамуы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Мұнда басты және басым салалардың бірі – туризм. Туризм – әлемдік экономикадағы ірі ғана емес, сонымен қатар ең жылдам дамып келе жатқан сала. Оның өсу қарқыны экономиканың басқа салаларына қарағанда екі есе жоғары. Негізгі көрсеткіштер, оның ішінде инвестициялық салымдардың тиімділігі бойынша туризмді мұнай өндіру өнеркәсібімен салыстыруға да болады.
Туризм саласы әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10%-ын, қызметтердің әлемдік экспортының 30%-ын, әлемдік инвестициялардың 7%-ын, жұмыс орындарының 10%-ын және барлық салық түсімдерінің 5%-ын құрайды.
Орта есеппен шетелдік бір туристен түсетін қаражатқа баламалы табыс алу үшін әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна көмір немесе 15 тонна мұнай, болмаса 2 тонна жоғары сұрыпты бидай экспортталуы керек. Бұл ретте шикізатты сату елдің энергия тасымалдаушыларын сарқыса, туризм ресурстарды жаңғырту үшін жұмыс істейді. Елге келген әрбір турист сағатына орта есеппен 20 АҚШ долларын жұмсайды, ал 30 турист 1 жұмыс орнын құрауға қауқарлы.
Туризм – қызметтермен экспорттық-импорттық операцияларды көздейтін сыртқы сауданың маңызды сегменті бола отырып, «көрінбейтін» экспорттың ерекшелігіне ие. Туризм өнімінің тұтынушыға тасымалданатын экономиканың басқа салаларынан айырмашылығы – рекреациялық ресурстар шоғырланған жерлерге адамдардың қоныс аударуын тудырады және оны тұтыну белгілі бір жерде жүреді.
Қазіргі уақытта туризм – әлемдегі ең тиімді бизнес түрлерінің бірі. Әлемдік капиталдың шамамен 7%-ын пайдалана отырып туризм мұнай, мұнай өнімдері мен автомобильдер экспортынан кейін үшінші орынға ие болды.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің ішкі және сыртқы туризміне қарағанда қазақстандықтардың шетелге шығуы әлдеқайда дамыған. Туристік саланы дамытудың басты проблемалары: қызмет көрсету сервисінің төмен деңгейі, білікті мамандардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ бәсекелестіктің болмауы, осыған байланысты ұсынылатын туристік қызметтерге бағаның көтерілуі.
Туризм Қазақстан экономикасына не береді және оны неге дамыту керек?
Ішкі туризмді дамыту арқылы қол жеткізуге болады:
– елдің экономикалық деңгейін арттыруға;
– инфрақұрылым деңгейін жақсартуға: жолдар жөнделе бастайды, көше көркі өзгереді, халықтың мәдени деңгейі артады;
– жаңа жұмыс орындарының ашылуына (елдегі жұмыссыздықтың қысқаруына ықпал етеді);
– елдің импортынан түсетін табысты ұлғайтуға;
– қазақстандықтардың ел ішінде демалуы есебінен халықтың рекреациялық қызметінің пайызын арттыруға және оның жұмысқа қабілеттілігін жақсартуға.
Жалпы, Қазақстан индустриялық және экономикалық дамудың жаңа деңгейіне шығады деп айтуға болады.
Коронавирус инфекциясына байланысты болған елдегі шектеу шаралары ішкі туризмді дамытуда үлкен әсерін тигізді. Қатаң карантиндік шектеулер мен шекаралардың жабылуы салдарынан шетелдік туризмге сұраныс азайып, халық өз елінде саяхаттай бастады.
Осылайша 2020 жылы ішкі туризмнің 76%-ға өсуі байқалды, бұл 2 034 мың адамды құрады. Ал шетелге шығу 73%-ға, атап айтқанда, 2 865 мың адамға төмендеді. Барлық шектеуге қарамастан ішкі туристік қызметтерге сұраныс артты. Курорттық аймақтардағы орын саны шамамен 40%-ға, ал нөмірлік қор 1,8 есе өсті. Курорттық аймақтарда қызмет көрсетілген келушілер саны 1,2-ден 1,7 млн адамға дейін, яғни 45%-ға ұлғайды. Орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 17 млрд-тан 24,5 млрд теңгеге дейін 1,5 есе өсті. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 30%-ға өсіп, 614,7 млрд теңгені құрады.
Көптеген адамда «Қазақстанда жазық даладан басқа ештеңе жоқ» деген қате пікір қалыптасқан. Алайда біздің еліміз биік таулар мен жоталардан бастап терең ойпаттар мен тік шатқалдарға дейін бірегей табиғи көрікті жерлерді біріктіреді.
Ең танымал және көрікті жерлер: Көлсай және Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, Балқаш көлі мен Алакөл, Бұқтырма суқоймасы, табиғи парктер – Бурабай, Баянауыл, Алтынемел, Қарқаралы ұлттық табиғи паркі, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары. Бектау ата, Қиын керіш шатқалдары, Маңғыстау жоталары, Кент таулары, Отырар қалашығы, Түркістан қаласы және т.б. көрікті жерлер кенже қалып, танымалдығы әлі артпай отыр.
Қазақстанда іскерлік, мәдени-тарихи, емдік және сауықтыру, тау, спорт, экстремалды, қажылық және діни сияқты туризм бағыттары дамыған.
Пандемия кезінде демалыс турларын ұйымдастыратын компаниялар белсенді түрде дами бастады. Атап айтқанда: «Pangea.kz», «Hangout.тур», «Созвездие», «X_tour», «Demal.camp» және т.б. Шетелдіктерді тартуды «Nomadic.treval» туристік агенттігі белсенді дамытуда. Бұл агенттік Қазақстан бойынша тур ұйымдастырумен айналысады, сондай-ақ шетелдік туристерге құжат ресімдеуге және елімізде демалыс ұйымдастыруға көмектеседі.
Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеуіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан қонақтарының жартысына жуығы Ресейден (40,4%), Өзбекстан мен Қырғызстаннан (19,1%), сондай-ақ Түркиядан (8%) және Украинадан (2,4%) келген.
Мемлекетімізде Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарламаның нысаналы индикаторлары төмендегідей.
2025 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізу қажет:
– келушілер санын 9 млн адамға дейін, оның ішінде келуші туристер санын 3 млн адамға дейін ұлғайту;
– ішкі туризмдегі адамдар санын 8 млн-ға дейін ұлғайту;
– туристік салада жұмыспен қамтылғандар санын 650 000 адамға дейін өсіру;
– жатын орындарына қатысты көрсетілген туристік қызмет көлемін 2,5 есе өсіру (270 млрд теңгеге дейін);
– негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 3 есе өсіру (600 млрд теңгеге дейін);
– туристерді тарту үшін маркетинг пен брендингтің тиімділігін 2025 жылға қарай «ДЭФ туристік және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингісінде 80-орынға көтеру (2017 жылы 102-орында болды);
– әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту, рейтингіде 60-орынға жайғасу;
– жер үсті және порттық инфрақұрылымды дамыту, 2025 жылға қарай «ДЭФ туристік және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингісінде 80-орынға көтерілу (2017 жылы 91-орында болды);
– туристік сервис инфрақұрылымын дамыту, 2025 жылға қарай «ДЭФ туристік және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингісінде 70-орынға ие болу (2017 жылы 97-орында болды);
– халықаралық ашықтық, 2025 жылға қарай «ДЭФ туристік және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингісінде 70-орынға қол жеткізу (2017 жылы 113-орында болды).
Қазақстанда 2022 жылы туризм саласында 206,5 млрд теңгеге жаңа жобаларды іске қосу жоспарланған. Биылғы жылы Алматыда «Мемлекет ішінде туристік өнімді ілгерілетуге» 368 млн теңге бағытталады.
Жалпы, еліміздегі туризм саласында 2,96 трлн теңгеге 191 инвестициялық ұсыныстың негізі қалыптасты. Ақпараттарға сүйенсек, 1,5 трлн теңгеге тағы 46 жоба пысықталуда.
Бірнеше жылдан кейін Қазақстан туризм саласын жаңа экономикалық деңгейге шығарады, ал бұл еліміздің инфрақұрылымы мен әл-ауқатын жақсартады. Себебі Қазақстанда туристік әлеуеттің шексіз мүмкіндіктері мен ғасырлар бойғы бірегей ұлттық дәстүрі, яғни қонақжайлылық қасиет ерекше.
Бондарева Н.А.,
Туризм және бизнес пәндік-циклдік комиссиясының төрағасы,
ҚарУ, Қазтұтынуодағы экономика, бизнес және құқық колледжінің оқытушысы