Қазақстанда утилизациялық алым мөлшері белгіленді

Утиль алымының мөлшері 50 процентке дейін төмендетіледі. Бұл туралы Премьер- министрдің орынбасары Роман Скляр «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Тиісті шара барлық көлік түрі мен ауылшаруашылық техникасына қатысты. Сонымен қатар 4 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға жеңілдетілген автонесие беріледі. Бастысы, алғашқы жарна төлеу талап етілмейді. Ол үшін «Жасыл даму» компаниясы 100 млрд. теңге бөледі. Бұл жеңілдікті 71 мың тұрғын пайдалана алады. Ал 30 млрд. теңге автобус паркін жаңғыртуға жұмсалады, — деді ол. — Автобусты несиеге алып, оның пайыздық мөлшерлемесін төлеу бізде жолаушы тасымалдайтындар үшін қиын. Олар бұл қаражатты қайтару үшін жолақысын көтеруге мәжбүр болады. Сондықтан біз алғашқы жарнасыз 7 жылға қоғамдық көліктерді отандық тасмалдаушыларға сату жөнінде шешім қабылдадық. Осылайша қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаймыз. Қомақты қаражат ел тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істейді», — деді Премьер- министр орынбасары.

Сонымен қатар еліміздің индустриялық саясатының басымдықтары, автомобильдер мен ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын отандық кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың себептері туралы айтылды. «Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау қажет екенін нақты айтты. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелдерден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл, шын мәнінде, олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», — деді Премьер- министрдің бірінші орынбасары.

Бұдан өзге ол автокөлік техникасына қатысты утилизациялық алым 2016 жылы енгізілгенін, ал әлеуметтік желілерде оған қарсы насихаттау науқаны 5 жылдан кейін басталғанын айтты. Роман Склярдың сөзінше, импорттаушыларды жақтаушылар автомобиль өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсінбей, көпшілікті адастырады. Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілмеген. Отандық өндірушілерге осы алым үшін алдында өздері төленген қаражаты ғана қайтарылады. Бұл ДСҰ талаптарына сәйкес келеді. Ол бойынша өндірушілер импорттаушылар сияқты утилизациялық алым төлеуге міндетті. Бірақ елімізде өндірушілерге төленген қаражат қайта беріледі. «Бұл елімізде өндірілген автокөлік бағасы тұтынушы үшін өспеуі үшін жасалды. Осылайша утилизациялық алым — ішкі нарықты қорғау шарасы, белгілі бір дәрежеде тарифтік тосқауыл амалы. Әлемде өз нарығын қорғаудың түрлі әдісі, импортқа толық тыйым салудан бастап шектеу шаралары, соның ішінде экологиялық шаралар қолданылады. ЕАЭО-да кәдеге жарату алымы таңдалды», — деп атап өтті бірінші вице-премьер. Р. Скляр автоөнеркәсіп саласында кәсіпорындардың жабылуына, нарықтан, игерілген технологиялардан, жұмыс орындары мен халықаралық стандарттар бойынша оқытылған білікті мамандардан айырылуға әкеп соғатын қате шешімдердің салдары ауыр болатынын нақты түсіну керек екенін алға тартты. Сұхбат соңында бірінші вице-премьер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сараптамалық талқылау қорытындысында қабылданған кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі ұсынымдар туралы хабарлады. «Биылғы қаңтар айынан бастап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен тауарлардың түрлі санаты бойынша кәдеге жарату төлемі мөлшерлемелерін қайта қарау жөнінде жұмыс топтарының отырыстары өткізілді. Жұмысқа барлық мүдделі тарап, соның ішінде фермерлердің кей өкілі қатысты. Барлығына өз ойларын айтуға мүмкіндік берілді», — деді Р. Скляр. Нәтижесінде кабельдікөткізгіш өнімдерге, рекреациялық техникаға және елдің көлік- логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштарға қатысты мөлшерлемелерді нөл ету туралы шешімдер қабылданды. Оған қоса автокөлікке және ауылшаруашылық техникасына қатысты қазіргі мөлшерлемелерді 50%-ға дейін төмендету ұсынылды.

Ақпарат беттерінен