Қазақстанда сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз ету: құқық қорғау жүйесіндегі электрондық терминалдардың рөлі
2020 жылдан бастап Бас прокуратураның бастамасымен пенитенциарлық жүйенің барлық мекемесінде сотталғандардың өтініштер мен шағымдарды мекеме әкімшілігін айналып өтіп, электронды түрде жолдауына арналған 608 терминал орнату бойынша ауқымды жұмыс басталды.
Бұл сотталғандарға Бас прокуратураға, сотқа, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге тікелей жүгінуге мүмкіндік берді, осылайша мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымдануға жағдай жасалды.
Терминалдар жұмыс істей бастаған жылдар ішінде сотталғандар тарапынан 8 мыңнан астам өтініш жіберілді.
Алайда, Қазақстан Республикасы ұлттық превентивті механизмінің қатысушыларының 2023 жылы жүргізілген алдын алу сапарларының қорытындылары бойынша Консолидацияланған есебінде атап өтілгендей, іс жүзінде жағдай басқаша көрінеді: терминалдар орнатылған, бірақ барлық сотталған оларды пайдалануды білмейді, ал көптеген мекемеде терминалдар жұмыс істемейді. Сотталғандардың айтуынша, терминалдар әдейі өшіріледі.
Терминалдардың жұмыс істеу жағдайларын және оларды сотталғандардың пайдалану қолжетімділігін анықтауды «Expert Independent Research Institute» Қоғамдық қоры жүзеге асырады. Бұл жұмыс Қазақстанда цифрлық құқықтар мен интернет-бұғаттаулар саласындағы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін күшейтуге бағытталған жоба аясында жүргізілуде.
Қордың басшысы Мирхат Серікбаевтың мәлімдеуінше, бұл жоба АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын және Еуразия Қорының «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Алдын ала бағалауға сәйкес, мұндай терминалдарды орнату халықаралық тәжірибеде өзіндік бірегей жоба. Қазақстан жабық мекемелерде азаматтардың құқықтарын цифрландыру бойынша көшбасшылыққа үміткер бола алады.
«Expert Independent Research Institute» Қоғамдық қоры ұсынған ақпарат негізінде