Қазақстанда Қала құрылысы кодексі әзірленеді

Мемлекет басшысы кезекті жолдауында мемлекеттік органдарға, оның ішінде министрліктерге бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


«Құрылыс саласына қарайтын 300 мыңнан астам норматив бар. Кәсіпкерлерге де, халыққа да қолайлы болуы үшін олар бір жерге топтастырылды. Себебі қазіргі құжаттар бөлек тіркелген. Ол нормативтерді қалай іздеу керегін мамандар ғана түсінеді. Халыққа да қолайлы болуы үшін Қала құрылысы кодексін жасау көзделген. Жұмыс тобы құрылды. Құжат келесі жылдың соңына дейін Мәжіліске ұсынылады деп жоспарланған», — деді министр.

Оның айтуынша, ведомство цифрландыру бойынша да жұмыстарды қолға алды. Қазіргі кезде барлық әзірленген жобалар мемлекеттік сараптамадан өтеді, бірақ оның барысында көптеген қателіктер туындайды. Ал цифрлық құжаттар барлық процесті жеңілдетеді. Жобаны цифрлық платформаға енгізіп, оның қазақстандық нормативтерге сәйкестілігін тексеруге болады.