Қазақстанда 19 наурызға белгіленген кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы жаңа әрі ерекше тәртіппен өтпек

Қазақстанда 19 наурызға белгіленген кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы жаңа әрі ерекше тәртіппен өтпек. Осы орайда ҚазАқпарат алдағы саяси науқанға қатысты сарапшылар пікірін ұсынады.

Саяси алаңда жаңа 2 партия пайда болды

Танымал саясаттанушы Андрей Чеботарев Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың басты ерекшеліктерін айта келе, өткен жылғы өзгерістерден кейін ел Конституциясына және сайлау процесіне мажоритарлық жүйенің элементтері оралғанын атап өтті. Енді Парламент Мәжілісінің 29 депутаты бір мандатты округтерден сайланады.

«Қазірдің өзінде азаматтық белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары, Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде өзін көрсеткісі келетін танымал адамдар тарапынан белсенділік байқалуда. Менің ойымша, бұл қазіргі сайлау науқанын айтарлықтай жандандырады», — деді сарапшы.

Сонымен бірге саясаттанушы Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы сайлау туралы заңға саяси партиялар үшін сайлау шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету туралы түзетулер енгенін еске салды.

Оның айтуынша, бұл саяси партияларға Мәжіліске және ел мәслихаттарына өтуді едәуір жеңілдетеді.

«Үшінші өзгеріс – елде екі жаңа саяси партия пайда болды. Бұл «Байтақ» жасылдар партиясы және Respublica партиясы. Олар «жаңа ойыншы әсерін» пайдалана алады, яғни сайлаушылар кейбір партиялардан жалығады және осы екі жаңа партияға немесе ең болмағанда жасылдар партиясына дауыс бере алады. Өйткені «Байтақ» 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бастамашыл топ ретінде танымал, Respublica партиясы жақында ғана пайда болды», — деп пікір білдірді Андрей Чеботарев.

Қазақстандықтар жаңа Парламент құрамының куәсі болады

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов 19 науыздағы сайлау қорытындысында мүлдем жаңа Парламент көретіндігіне үміт артып отыр.

«Сайлау нәтижесінде мүлдем басқа, барынша белсенді, бастамашыл Парламентті көреміз деп үміттенемін. Парламентте қызу пікірталас пен пікірсайыс жүруі тиіс. Черчилль де «Көшеге қарағанда Парламентте төбелес пен күрестің болғаны жақсы» деп тегін айтпаса керек. Мұндай Парламент биліктің басты тармағы ретіндегі оның рөлі мен маңызын арттыру үшін жағдай жасайды», — дейді институт басшысы.

Айтуынша, бір мандатты депутаттар сайлауда бәсекені арттырып, саяси науқан қыза түсері сөзсіз.

«Жаңа Парламент шын мәнінде биліктің өкілдік органына айналады деп сенемін. Оның алаңында бүкіл қоғам үшін маңызы бар мәселелер көтерілетін болады», — деді Еркін Тұқымов.