Қазақстан мен Түркия президенттері екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады
Түркия Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған келіссөз өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді, Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші отанымыз деп білетіндігімізді жеткізді.
– Бүгінде Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста, қадірлі Режеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін. Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғанын атап өтіп, қазіргі таңда Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымас достыққа, тату бауырластық пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына арнайы тоқталды.
Қазір 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.
Біз түрік инвесторларының барлық бастамасын қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен ертең Түркияның ірі инвесторларымен кездесетін болдым. Онда инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылаймыз. Кездесудің қорытындысы бойынша бірқатар коммерциялық келісім-шарттарға қол қойылады. Олардың жалпы сомасы 1 миллиард доллар болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.