Қазақстан мен Иран президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иран делегациясына ілтипат білдіре отырып, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы мерзім ішінде елдеріміз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнатты.
– Біз тату көршілік пен берік достыққа негізделген сындарлы саяси диалог құрдық. Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Біз енді Бірлескен сауда палатасын құруды жоспарлап отырмыз. Парламентаралық байланыстар жолға қойылды. Өңіраралық кооперация нығая түсуде. Халықаралық ұйымдар аясында тығыз әріптестік орнаттық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келе, биыл бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы қарқынды дами түскеніне, елдеріміз арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткішін арттыру маңызды екеніне тоқталды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік және логистика саласының, атап айтқанда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының үлкен әлеуеті бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ Президент Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керек екенін атап өтті. Ақтау және Құрық, Амирабад және Анзали айлақтарының әлеуеті зор.
Ауыл шаруашылығы – екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыты бойынша Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.