Қазақстанға алма әкелуге уақытша тыйым салынды

3 қыркүйектен бастап Қазақстан аумағына алма әкелуге уақытша тыйым салынды. Тиісті құжатқа Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы қол қойған. Шектеу 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.

Тыйым көліктің барлық түріне қатысты. Яғни алманы үшінші елдерден ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден де Қазақстанға тасымалдауға болмайды. Алайда түпкілікті межелі орны Қазақстан емес, еліміздің аумағы арқылы транзитпен өтетін өнімді тасымалдауға рұқсат берілген.

Сонымен қатар 3 қыркүйекке дейін жөнелтілген алмаларды экспорттық немесе транзиттік декларациясы болған жағдайда ел аумағына кіргізуге мүмкіндік бар.

Ауылшаруашылығы министрлігі бұл шараның уақытша екенін атап өтті. Негізгі мақсат – ішкі нарықты қорғау және отандық алма өндірушілерді қолдау.

Айта кетейік, бұған дейін шектеуді 1 тамыздан бастап енгізу жоспарланған болатын. Алайда тиісті шешім кейін қабылданып, тыйым 3 қыркүйектен бастап күшіне енді.