Қазақ халқының мұрасы

24 сәуір күні Қарағандыда «Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясының тұсаукесері өтті. 2019 жылы Қарағандыда қолға алынған «Қазақ халқының мұрасыb— Мәңгілік ел» кітаптар сериясының ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде 24 сәуір Ұлт қайраткерлері күні болып белгіленген еді. Бұл күні қазақтың белгілі тарихи тұлғасы, Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамед дүниеге келген.

24 сәуірде осы атаулы күнге орай Қарағанды қаласында «Қазақ клуб» мүшелері және «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясының тұсау кесуі шарасында облыстық «Ақ жол» партиясының төрағасы Ермек Әбілдин аталған шараның маңыздылығына тоқтала келіп, көп жыл бойы тасада қалып еленбей келген арыстарымызды ұлықтау әлі де жалғаса беретінін айтты. Белгілі өнертанушы, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан қазақ ұлтының қасиетті перзенті Әлімхан Ермеков жайлы ойларымен бөлісті. Ал «Қазақ мұрасы» кітаптар сериясының авторы Нұржан Сұршаұлы жиналғандар алдында «Қазақ клуб», «Қазақ күнтізбесі», «Тәуелсіздік лентасы» және «Жауынгерлік Даңқ лентасы» жобалары, сондай-ақ қолға алынған акция және осы атаулы күннің мақсат-міндеттері жайлы айтып берді.

Шараның басты мақсаты — ұлт қайраткерлерінің мұрасын және олардың еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау. Әнет баба мешітінің наиб имамы Мирас Ерманұлы ұлт қайраткерлерінің рухына арнап дұға бағыштады. Одан әрі жиналғандар және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің 1-курс студенттері, «Жас Алаш» ғылымизерттеу клубының мүшелері Алаш зиялысы, қазақ жерінің шекарасын белгілеу ісіне белсене атсалысқан тарихи тұлға Әлімхан Ермеков жерленген зират басына барып, жары Рақия Шагабутдинқызының рухына арнап Құран оқыды. Тұңғышбай Мұқан ақсақал өзі зерттеп жүрген ұлы математик туралы және көпшілікке белгісіз өмірбаяны туралы айтып берді. Профессор, қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл 1920 жылы тамыз айында өткен, қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Ә.Ермековтің Қазақстан жағдайы туралы баяндама жасағанын, Қазақстанның шекарасы жайында қызу пікірталас туындағанын, өктемшіл, озбыр пиғылды топ өкілдерімен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін бұлтартпас дәлелдермен қорғап шыққанын айтты. Соның нәтижесінде кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдай жер және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр атырап Қазақ еліне қайтарылды. Ол кезде Әлімхан Ермеков 28 жаста ғана болатын.

Осы естеліктерге қоса айта кету керек, Орталық Қазақстанға археологиялық экспедициялар кезінде академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан Қарағанды қаласында тұрған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы жетекшілерінің бірі, қуғын-сүргін жылдары «ұлтшыл», «халық жауы» аталып қудалауға ұшыраған қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғалым, Әлімхан Ермеков ақсақалмен жиі кездесіп тұрған. Кездескен сайын бірден балалар секілді сөз жарыстыра, тіпті сөз кезегін бермей, бірін-бірі құптап, жұптап, таласа сөйлеп кетеді екен.

Шара соңында марапаттау рәсімі болды. «Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясына белсене қатысқаны және олардың еңбектерін зерттеуге қосқан үлесі үшін марапатталғандар: Тұңғышбай Мұқан («Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясына белсене қатысқаны үшін), Айтқожа Фазыл («Ұлт қайраткерлеріне тағзым» акциясына белсене қатысқаны үшін), Әділет Жағыпар («ЕСЕП» партиясының мұрасын зерттеп, насихаттағаны үшін). Ұйымдастырушылар аталған акцияны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Қазақ күнтізбесіндегі келесі атаулы күн — 17 мамыр, яғни Аяулы қазақ қыздарының күні.

Сәкен Сәбиденұлы КЕЛДІБАЕВ,

зейнеткер, «Қазақ клуб» мүшесі