Қазақ халқына мың алғыс!
1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық Алғыс айту күні. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.
Бүгінгі мақаламызда бұл мерекенің қысқаша тарихы мен мақсатына тоқталып, қарағандылық өзге ұлт өкілдерінің тарихы мен құттықтауларын ұсынбақпыз.
Мерекенің тарихына тоқталсақ, кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді.
Ал Алғыс айту күнінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты достыққа, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.
Алғыс айту күні – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, Мемлекет басшысының жетекшілігімен тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін күні.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мерекені алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр.
Қарағанды облысында өзге ұлт өкілдерінің жиырмадан астам этномәдени бірлестігі бар. Солардың ішінде біз Қарағанды облысы Кәрістер этномәдени бірлестігінің төрағасы Ким Лилия Михайловна және Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Джанаев Увайс Хаважиевичпен сұхбаттастық.
Лилия Михайловнаның сөзінше, биыл Қарағанды облысының Кәрістер этномәдени бірлестігі 35 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның құрамында екі жүзден астам адам бар.
– Сонау 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға бірінші болып жер аударылған кәрістер осы жерден пана тауып, жағалай қоныс тепті. Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігіне биыл 35 жыл толып отыр. Қазақстан кәрістері қауымдастығының Қарағанды этникалық бірлестігі қоғамдық ұйым болғанымен, тұрақты, жүйелі жұмысымен ерекшеленеді. Оның өзіндік стилі, өз дәстүрі, сабақтастығы бар. Кәрістер орталығы мемлекеттің қолдауымен мәдени-ағарту, бизнес және білім беру салаларында көптеген жұмыс атқаруда. Орталықтағы барлық жұмыс «қуанышта да, қайғыда да бірге бол» деген отбасылық қағидаға негізделген. Бірлестіктің 30 жылдық мерейтойында (2019) қарағандылық кәрістердің қаражаты есебінен Орталық саябақтың каскадында Қарағанды облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысын білдіретін мемориалдық белгі орнатылды. Композицияның терең мағынасы бар, оны белгіге бекітілген QR-код арқылы білуге болады. Алғыс айту күнінің мағынасы өте терең. Бұл – қазақтың толеранттылығы мен қонақжайлылығы үшін, баршамызға достық, татулық, жақсылық көрсеткені, жақсылықтың бастауы болғаны үшін алғыс. Бұл мереке – ертеңгі күнге сенім, қарияларымыздың басынан өткергендері жастарымыздың өмірінде қайталанбасына сенім! Алғыс айту күні құтты болсын! Баршаңызға бейбітшілік, түсіністік, ашық аспан, балалардың сыңғырлаған күлкісі мен қарттардың қуанышты күлкісін тілеймін! – деп Қарағанды облысы Кәрістер этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким қазақ халқына ризашылығын білдірді.
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 1995 жылы қаңтарда құрылған. 1997 жылдың наурыз айында «Вайнах» этномәдени бірлестігі республикалық «Вайнах» бірлестігінің құрамына енді. Бірлестіктің негізгі мақсаты – ұлтаралық келісімді сақтау, өңірде тұратын басқа этнос өкілдерімен мәдени-әлеуметтік байланыстарды дамыту, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді және тілді жаңғырту әрі танымал ету, Қазақстан халқы Ассамблеясының идеяларын жүзеге асыру.
Қарағанды облысының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаевтың айтуынша, әке-шешесі отбасымен бірге 5-6 жастарында Қазақстанға жер аударылған. Сол қиын-қыстау кезеңді анасы есіне жиі алып, қазақ халқына алғыс білдіріп отырады екен.
– Менің ата-анамның тарихы жалпы шешен-ингуш халқының тарихы сияқты қайғылы. Ата-анам өз халқының тағдырын бөлісті. 1944 жылы 23 ақпанда халқымыз мәжбүрлі депортацияға ұшырады, бұл науқан адамгершілікке сыйымсыз қатаң жүргізілді. 2-3 күнде жарты миллион адам тарихи мекенінен қуылды, соның салдарынан вайнахтардың дәстүріне, тарихына, материалдарына және материалдық емес жағдайларына жаппай зиян келтірілді. Ата-анамның айтуынша, 5-6 жас шамасында Ақтөбе облысына келген. Сол келгендердің жартысынан көбі аурудан, зарығудан, аштықтан, суықтан небәрі жарты жылда қайтыс болған. Анам жағынан 10 адамнан үшеуі ғана (кішкентай екі баласы бар әжем) қалады. Анам сол кездегі қазақ халқының қолдауын, көмегін, бірінші ұстазын (қазақ болған), барлық адамды, сыныптастарын ерекше алғыспен еске алатын. Анам қазақ тілін жетік білді. Барлығы оның тілді жетік білетініне таңғалысып жататын, сондай сәттерде анам әрқашан: «Қазақ тілі – менің анамның тілі», – деп мақтанышпен жауап беретін. Осы құрмет пен сүйіспеншілікті ол өз балаларына, қасында жүргендердің бәріне жеткізді, – дейді Увайс Джанаев.
Алдағы мерекенің маңыздылығын айтқан ол бірлестіктің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталды.
– 1 наурыз, яғни Алғыс айту күні – вайнахтар үшін маңызды мереке. Биыл шешен-ингуш халқының Қазақстанға жер аударылып келгеніне 80 жыл толып отыр. Сол себепті қазақ халқына ата-бабаларымыз, ата-аналарымыз жеткізіп үлгермеген алғысты бүгін біздер жеткізсек дейміз. Олар қиын жағдайда адамдық қадір-қасиетін, адамдық келбетін сақтай білді, жер аударылып келгендерден көмек аямады. Алғыс айту күні – өте маңызды мереке. Тарихы өткен күнмен, біздің қасіретті өткенімізбен байланысты және бізге сыйлаған ең тамаша сезімдер үшін, бір-біріне көмектескен адамдардың істері үшін шексіз алғыс. Қарағанды облысында қазір 10 мыңға жуық вайнах өкілі тұрады, олардың көпшілігі 1944 жылдан бері тұрып келе жатыр. Қарағанды облысына 50 мыңнан астам шешен-ингуш жер аударылған, бұл – шамамен 10 мың отбасы. Бүгінгі біздің қызметіміздегі ең бастысы – тарихқа ұқыптылықпен қарау және тарихи жадыны сақтау. Екінші басты мәселе – өскелең ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерін сіңіру, яғни салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, мәдениетті сақтап қалу. Бұл үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалған, тамаша достық үйлері, идеологиялық тірек – бәрі бар. Жастарымызға Қазақстанның біздің Отанымыз екенін түсіндіру. Себебі жаңа Қазақстан, болашақ – бәрі соларға байланысты. Бізде ардагерлер кеңесі, жастар кеңесі, тағы басқа да қызметтер бар. Алғыс айту күні – жаңа мереке, көктем мерекесі, мен үшін ассамблея өкілі ретінде ҚХА құрылған күн. Баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтаймын, баршаңызға денсаулық, бақыт, Қазақстан Республикасының гүлденуін, Отанымызда бұрын болған осындай оқиға ешқашан қайталанбауын, әрқашан бейбітшілік пен өзара түсіністік болуын тілеймін! – деп қорытындылады ол.