Қазақ арманы

Ғалымдар «Арман-мақсаты таусылған адам қайткенде де бұл дүниені тәрк етеді. Ауырып, болмаса сап-сау жүріп, бір-ақ күнде о дүниеге кете барады» дейді. Бұл жалқы адам емес, тұтас ұлт, қоғам мен халыққа да қатысты болса керек. Дүниеде ортақ арманы, ортақ мүддесі жоқ қоғамның да батарға күні таяу. Әркім өз қарақан басының мүддесін күйттеген жерде радикалды идеялар мен бөлінушілік, бүлікшілдік бүр жарады. Іштен іріп, бөлшектенуге даяр. Ел боламыз десек, есіңді жидыратын, тұтас ұлтты ұйытатын, рухты көтеретін, керек десе, сол идея жолында жан беруге болатын ұлттық идео­логия керек бізге. Мұны айтып жүрген жалғыз біз емес және бұл бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Ұлттың сөзін тас қылып ұстаған Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар жыраулардан бергі көштің өкілі ретінде біз де бұл мәселеге бас қатырарымыз бар. Талай жерде осыны айттық. Қайбір атқамінер ағаларымыз «Айта бергенше, жазбайсың ба?» деген соң қолымызға қалам алдық, көкірек дәуітке малдық…

Қазақ арманы
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жерұйықты аңсау

Жер бетіндегі ұлыстарды ортақ арман-мұрат біріктіріп, ұлт етеді. Елде­сіп, қоғамдасып, оған жетудің жолына түседі. Сол арманның соқпағында ғұмыр кешеді. Алысқа бармай-ақ өз тари­хымызға, Қазақ хандығының құры­лу тарихына үңілсек, жеткілікті. Асан қайғының «Жерұйық» идеясы, Керей мен Жәнібек ханның һәм еркіндік сүй­гіш ұлыстардың қазақ болып қалып­тасуы – осының айғақ, мысалы. Бұл – бабаларымыздың бағзы арманы. «Жерұйық» – бұған дейін Президент айтқан «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларының басын біріктіретін, бірлік пен ынтымақты, білік пен күш қуатты бойына сыйдыратын ұлы идея. Ген мен қан арқылы жеткен ақпар.

Біз 1991 жылдан бері әрненің басын бір шалдық. Біраз адастық. Ал «адас­қанның алды жөн, арты соқпақ» (Абай). Адасқан адам бастауына қайтып оралып, қайта жолға шықпаса, түзу жол таппасы тағы белгілі. Ал оралар тұсымыз – ұлттың жадында жатқан, сүйегіне сіңген, түпсанамызда ұйыған, жерге жәннат орнатуды арман еткен бабалардың аңсары «Жерұйық».

Әлбетте, талай су жүріп, талай жылға жыраға айналды. Көнерген идеяның шаңын бір сілкіп, заманға сай зерделеп ұсынуымыз керек. Біз ол үшін әлем халықтарының ұлттық арманы мен мұратына үңілгеніміз жөн. Жапонияны алпауыт елге айналдыр­ған – «Ва» және «Каизен» философиясы­нан да аларымыз бар. Жапон мәдениетінде «ва» (和) ұғымы – үйлесімділік пен ұжымдық келісімді, тәртіпті білдіреді. Бұл ұлттық идеология жапон қоғамында жеке мүддеден гөрі ортақ мүдденің басым болуын, әділет салтанат құруын дәріптейді. Жоғарыда айтқанымыздай, жапон халқы осы идея арқылы өз болмыстарын қалыптастырды. Ұлтты бір идея төңірегіне ұйыта білді. Жапон азаматы қай жерде жүрсе де, Жапо­нияның ұпайын түгендеп, өз ұлтының намы­сы мен арын биік ұстайтыны – сол идея­ның жемісі. Біздің қоғамның ашкөздері секіл­ді Астанада Тәжікстан мемлекеті жай­ған дас­тарқанға жапа-тармағай шабуылдап, же­міс-жидектен олжа айырмайды. Бұл біз­дегі рухсыздық пен масылдық психология­сының, мемлекет мүддесінен гөрі жеке мүддеге бас ұратынының айқын көрінісі еді. Осыдан құтылу үшін де, Мемлекеттік намысты ояту үшін де ұлы идея аса қажет.

Жапонияны алға жетелеген екінші идея «Каизен» ( 改善). Ол – үздіксіз жетілу және даму философиясы. Бұл қағида тек жеке тұлғаға емес, бүкіл бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесіне де ықпал етті. Ғылымда да, өнеркәсіпте де үнемі ізденіс пен жетілу арқылы бүгінгі биігіне көтерілді. Дәл осы Жапония секілді ІІ Дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген Германия – «Ordnung» (Тәртіп) мен «Leitkultur» (Жетекші мәдениет) идеясын екі тізгін, бір шылбыр етіп, қайта еңсе тіктеді. Немістер үшін «ordnung» (тәртіп) ұғымы өте маңызды. Бұл – қоғамдағы заң мен ережелерге қатаң бағыну. Біз аңыз қылып аузымыздың суы құрып айтатын неміс тәртібінің негізі – осында. Ал «Leitkultur» (жетекші мәдениет) – елдегі интеграция саясатының негізгі қағидаты. Ол Германияның ұлттық құн­дылықтарын сақтау және иммигранттарды осы құндылықтармен өмір сүру­ге бейімдейді. Бұл идея да бізге ауадай керек. Ғасырлар бойы қаншама кірмелерді табиғи түрде құрамына енгізген қазақ жұрты бүгін де, ертең де осы үдерісінен жаңылмауы керек. «Қазақстан – бір отбасы» идеясын «Жерұйықтың» бір тарма­ғы етіп алсақ, ұтарымыз көп. Екі импе­рия­ның ортасында отырғандық­тан ағыл­шын­дардың – «Keep Calm and Carry On» (Сабыр сақта және жал­ғастыра бер) ұраны­ның да бөтендігі бола қоймас. Бұл алғаш ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбри­та­ния халқын сабырлыққа шақыру үшін қол­данылып, кейін бұл философия британ­дық­тар­дың қиындыққа төзімділігі мен байсал­ды мінезін бейнелейтін ұлттық болмысы­на айналды. Қазақ онсыз да сабырлы. Әйтсе де, үздіксіз даму жетіспей қала­тыны жа­сырын емес. ХХ ғасырда алған шок пен қан­сыр­аған жарамыз әлі жазылмаған ұлтпыз. Бізге осының бәрінен арылып, шер-күйікті ұмытып, «Жерұйыққа» ұмтылып, бабаларымыз аңсаған қоғамды құру – мақсат. Кек пен жеккөрушілік құрдымға құлатады. Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, бүгінгі мемлекет мүддесіне зиян келтіріп жүргендердің, мемлекеттік тілге мұрын шүйіретіндердің, бостандықта жүріп бодандықты аңсайтындардың дені – Қазақстанның тәуелсіз болашағына сен­бейтіндер. Оған геосаяси жағдай ықпал етті десек те, отыз жыл бойы елді есепсіз тонағандардың да әсері болды. Егер әр азаматымыз өз болашағын мемлекетімен байланыстырса, іштен шыққан шұбар жылан болмас еді арамызда…

Жерұйық аңсары – тарихтың түрлі кезеңінде үнемі түрленіп, жаңа сапаға, идеялық толығуға ұмтылған үзілмес аңсар. Ол – түркі кезеңіндегі «Үтікен», Әл-Фараби аңсаған «Қайырымды қала» тұжырымдамаларының ұлық ұлыс һәм қазақ хандығы кезеңіндегі кемелдеген жаңаша формасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сол үзілмес идеяның заңды дамуы, ұлттық ойдың генетикалық жалғасы деп білуіміз керек.

Қазақстанның стратегиялық даму жолы және ұлттық идеясына айналдыру үшін ұлы ғалымдарымыз бас қосып, кеңессе, жөн болар. Әзірге біздікі – ұсыныс. Қазақстан жаңа ғасырда әлем­дік қауымдастықта өз орнын нығайтып, экономикалық, мәдени және әлеумет­тік дамудың жаңа белестеріне ұмтылыс үстінде. Мемлекет дамуының ұзақ­мерзімді стратегиялық бағыттары ұлттық идеямен тығыз байланыспаса, ұлттық болмысқа қатер. Бірінші орынға саясат пен экономика шыққанда, рухсыз саясат, рухсыз экономиканың қандайлығына бүгінге дейін көз жеткіздік. Әділдікке сенбейтін қорқақ, Ата заңына түкіре салатын дөкір, мемлекет меншігін жау мүлкіндей талан-таражға салатын жемқор қоғам қалыптасты. Егер ұлт­тық идеямызды темірқазық етпесек, дәл осы кептегі Қазақстаннан Жаңа Қазақстан құру неғайбіл. Осы тұрғыдан алғанда, Отанымыз гүлденуі үшін біз оны ғылым мен техниканың, өнер мен өмір­дің нағыз ұйығына айналдыруымыз керек. Бабаларымыз аңсаған асыл аңсар, болашақ күткен байтақ Отан сондай болуға тиіс. Жерұйық идеясы – әділет, ынтымақ, ғылым, тәртіп секілді ең құнды қасиеттерді бойына жинап, Қазақстанның стра­тегиялық даму жос­пары ретінде ұсы­ныл­са дейміз. Әлемде «америкалық арман», «қыт­айлық арман», «орыстың арманы» де­ген түсініктер бар. Біздің қазақтың да ар­маны болған. Баба қазақтың арманы – Жер­ұйық. Ол арманды біз ешқашан ұмыт­қан емеспіз. Кешегі Кенесары ханның, Абай­дың, Әли­хандардың арманы да осы – елін ұш­паққа шығару, Жерұйыққа жеткізу.

 

Жерұйыққа оралу

Жерұйық – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы маңызды ұғым­дардың бірі. Ол – тек жердегі жұмақ мекені емес, сонымен қатар халықтың жақсы өмір сүруге, әділетті қоғам құруға, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге, дербес мемлекет құруға деген ұмтылысын біріктірген ұғым.

Мемлекеттің стратегиялық даму жос­пары тап осы идеяға негізделсе, Қазақ­стан әділетті, инклюзивті және тұрақты қоғам құру жолында жаңа қадам жасайды деп сенеміз. Ұлттық идея ретінде Жерұйық төмендегідей негізгі қағидаттарға сүйенеді:

  1. «Әділетті Қазақстан» – заң үстем­дігі, әлеуметтік әділет, адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктерінің сақталуы.
  2. «Адал азамат». Экономикалық тұрақ­тылық пен тең мүмкіндіктер – әрбір азаматқа сапалы білім, медицина, жұмысқа орналасу және бизнес жүргізу мүмкіндіктерін ұсыну һәм жемқорлығы жоқ қоғам.
  3. «Таза Қазақстан» – табиғи ресурс­тарды жауапкершілікпен пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, табиғи байлықтарды тиімді әрі әділетті басқару, жер ұрпақтың аманаты екенін ұғыну.
  4. «Жасампаз Қазақстан». Техноло­гиялық даму және инновация – Қазақ­станның ғылым, технология және цифр­лық экономика саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарынан көрінуі.
  5. «Жаңғыру һәм жаңару». Ұлттық мәдениет пен рухани жаңғыру – қазақ халқының дәстүрлерін, рухани құнды­лықтарын сақтау мен жаңғырту.

Жоғарыда айтқанымыздай, біздікі – Қазақстанның бір тұрғынынан, қоғам­ның бір тұлғасынан ұсыныс. Осымен қатар қазақтың бағзыдағы дәстүрін­де жоқ масылдық психологиядан арылу ­жолын қарастыруды да ұсынар едік. Орыс жа­зушысы әрі философы Александр Зиновьев «Homo Sovetieticus» (совет адамы) терминін алға тартып, масылдық психологияның кеңес үкіметі тұсында қалыптасқанын айтады. Біздің кейбір атқамінерлер қазақ туа масыл болғандай көрген соң Зиновьев пікіріне сүйеніп, басын ашып айтқанды жөн көрдік. Масылдық психологияның себептерін санамаласақ, былай: кеңес үкіметі адамдарды өзіне толықтай тәуелді етті. Жеке бастамаға, жеке кәсіпке қатаң шектеу қойылды. Жоспарлы экономиканың да зардабы тиді. Жұмыскерлердің жеке еңбегінің құны төмендетіліп, «бә­ріне бірдей беріледі» деген түсінік қалып­тастырды. «Партия аштан өлтірмейді», «Мемлекет бәрі­не жауапты» деген се­нім­ге бой үйретті. Осы­ның бәрі бүгінгі на­рықтық экономикада алд­ымыздан бөге­сін болып шығып отыр. Қоғам­да жауапкершілікті өзгеге арту, дайын нә­рсені күту, өзгерістерден қорқу, еңбекті баға­ламау, тәуелділік синдромы секілді кесел­дер бар. Деколонизация жүргізілу керек деп аттандаймыз. Ал сол деколо­низа­ция қоғамдық санадан басталуға тиіс. Қазақ­станды Жерұйыққа айналдыру үшін бірінші кезек осы кеселден айығуымыз қажет-ақ.

Екінші айтарымыз – осы Жерұйық идеясы аясында Президент айтып жүр­ген бастамаларды іске асыру жолы. «Әділетті Қазақстан» қазақтың байыр­ғы гуманистік әділдігінен тамыр тартуы. «Тура биде туған жоқ», «Төреде бауыр жоқ», «Біреудің ала жібін аттамау» секілді қағидаттар негізге алынса дейміз. «Адал азамат» ұғымында қазақы адалдықты үлгі етсе. Мысалға ІХ-Х ғасырларда қазақ даласына келген араб саяхатшысы Әбу Дулафтың жазбасында прото-қазақтың адалдығын суреттейтін ғажап эпизод бар. Әбу Дулаф бір түріктің үйіне қонып, жолға алып шыққан алтынын ұмытып кетеді. Кейін үш күншілік жол жүргенде әлгі түрік соңынан қуып жетіп, алтынын қайтарып береді. Араб саяхатшысы прото-қазақ жұртының адалдығына, ата-анасын қадірлеуіне, үлкенді сыйлауы­на тәнті болады. Ал «Таза Қазақстанға» келсек, қазақ ұлтының өзінің табиғатпен үндесуі, тылсыммен тілдесуі қалыптасқан. Қазақ ұғымында әр заттың жаны, сезімі болады. Оған халықтық дәстүр мен парасат ықпал етсе керек.

Шалғынды орғандағы шығатын көктің иісі шалғынның қорғану түйсігі шығаратын қарсылық реакциясы екенін дәлелдеді. Судың жады бар екенін айтып Америка ашпай-ақ қоялық… Әр заттың жаны мен жады бар екенін ескерсек, қазақ даласының әр түп жусаны да – қазақ. Әр көдесі – өзіңнің қандасың. Сондық­тан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қазақтың экологиялық жүйені қорғау таным-түйсігіне, Отанның әр уыс топырағы ыстық ұғымына табан тіреуге тиіс. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», «Көкті жұлма, көктей соласың» дейтін нақылы бар, жыл он екі ай табиғат аясында ғұмыр кешкен халық табиғатты аялауда өзгеге үлгі болмаса, өзгеден үлгі алар жайы жоқ еді. Тазалық көшпелі өмірдің бір салты болатын. Онымыздан айнысақ, бүгін айнып, жүрген жерімізді жапырып, отырған же­рімізге қақырып, жабайыланғаны­мыз – осы. Жадымыздың балдырын сәл аршып жіберсек, бұлақ көзіміз бүлкіл­деп, акцияны жариялатпай-ақ, жалаулатпай-ақ тұтас ұлт өз қалауымен, жүректегі ыстық ниетімен тазалық акциясын жасар еді. Ол үшін де қоғамды біріктіретін, масылдық пен экологиялық проблемамен әр отандасымыз өзі күресетіндей бір күш – идея керек. Жерұйыққа оралу дегеніміз – осы.

 

Аңыздан – ақиқатқа

Жерұйық – тек аңыз емес, сонымен қатар Қазақстанның болашақ дамуының символдық әрі практика­лық моделі. Бүгін жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алсақ, бұл – «Жер­ұйық» идеясының жемісі. Жалпы, қазақ ұлтының пайда болуы да осы идея­ның арқасы ғой. Демек, жүрер жолымыз да – осы. Қазақ халқы мойны қарысып қашқан қасқырдай артына жалтақ­тау­ды қоятын кез жетті. Өткендегі өкі­ніш пен кешегі кекті ұмытып, болашаққа парасат биігінен қарауымыз керек. Ұрпаққа кеудеде қоздаған кек пен жасыған жалтақтықты емес, ұлы идея­ны, сенімділікті, батылдықты мұра етсек деген ниет. Асан қайғы бастаған қазақ ұлты Жерұйықты тапты. Кешегі қысылтаяң шақта жанымызға сауға бол­ған – осы Жерұйық, осы Қазақстан! Тіпті қазір көктен түскендей кердеңдеп жүргендердің де бабасының жанын осы Жерұйық сақтап қалған. Ендігі міндет – оны сақтау, келер ұрпаққа аманат ету. Екі империяның ортасында жақпар тасты жарып шыққан еңлік­тей гүлдеу. Бұл – тек озық ойлы ұрпақтың қолынан келе­тін іс. Мемлекет басшысының «Ұлт­тың жаңа сапасын құру қажет» деуі­нің астарындағы негіз. Сапалы қоғам дегенде әлемнен талай мысал келтіруге болады. Мәселен, біздің бір ауданымыздай жерді мекендеп жатқан, 6 миллион ғана халқы бар Сингапурді, 9 миллион халқы бар Швейцарияны айтсақ, жеткілікті. Сан ғана емес, сапа мықты болуға тиіс. Ендігі жерде ғылымсыз күн қараң. Қазақстанда октогонға шыққан спортшылар емес, қызылды-жасылды киінген эстрада жұл­дыздары емес, ғылыми жетістікке жеткен ғалымдар ұстын болуы қажет.

Бүгінгі Қазақстан – байырғы баба­лары секілді ұрпағы алаңсыз өмір сүретін, уа­йымсыз дамитын, береке-бірлігі жарас­қан Жерұйықты аңсауы. Сол аңсар, сол арман қозғаушы күшіміз болса, игі. Егер мемлекет дамуын осы идеологияға негіздесе, Қазақстан әлемдік өркениет көшінде өзіндік орны бар, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан теңгерімді, гүлденген мемлекетке айналары шүбәсіз. Ең бастысы, отандастарымызда мемлекетшілдік қасиет оянар еді. Жерұйық идеясы – халқымыздың игілігі үшін әділетті Қазақстанды құру жолындағы темірқазық. Жерұйық – атам қазақтың арманы, мыңжылдықтың бағдары. Осы жолдан Алаш айнымай жүрсе, қой үстіне қона алмай жүрген бозторғай да келіп қалар…

 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты

 

https://egemen.kz/article/383493-qazaq-armany