«AYALA» қоры медицина орталығына ӨЖЖ аппаратын сыйға тартты
Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығы өкпені жасанды желдетудің Jenny MS Westfalia сарапшылар класындағы жаңа аппаратымен толықты. Медициналық ұйымға осындай сыйлықты «AYALA» қайырымдылық қоры жасап отыр. Оны сатып алуға қаражатты қазақстандықтар «Өмір сыйлайық» жобасы аясында жинаған болатын. Құрылғы ересектерге де, балаларға да, соның ішінде салмағы 300 грамм болатын шала туылған нәрестелерге де заманауи вентилятор режимдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Бұл ӨЖЖ аппараты гибридті жетекте жұмыс істейді. Кіріктіре орнатылған турбинаның арқасында жабдық көмекші компрессорсыз жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, керек жағдайда ол электр жарығынсыз 12 сағат жұмыс істей береді. Германияда шығарылған жаңа жабдық пациенттің жай-күйін бақылауға және дефибрилляцияға арналған үш опциондық модульді қатар қамтыған. Осының барлығы аппаратты қарқынды терапия/реанимация бөлімшелерінде де, апаттар медицинасында да, шұғыл көмек бөлімшелерінде де пайдалануға мүмкіндік береді. Jenny ӨЖЖ аппараты тез және оңай пайдаланылады, нәрестелер өмірін сақтауда тиімді болары және тыныс алу жолының ең күрделі дертіне шалдыққан науқастарға көмектесері сөзсіз.