Аяқсыз қалған балалар алаңы

Қаламыздың Университет көшесіндегі 21-үйдің ауласында биыл балалар алаңқайы салынуы тиіс болған. Онда бұрын ескі корт болған екен. Оның өзін тұрғындардың бірі орнатып берген. Мамыр айында кортты алып, орнына қиыршық тас төселген. Жаңа құрылыс басталғанда, тұрғындардың бәрі қуанған. Дегенмен жұмыстың басы да, аяғы да сол болыпты.

– Менің 3 жастағы балам бар. Бірге қыдырып баратын жер, тым болмаса балалар ойнап отыратын құм жоқ. Бұрын мұнда корт болған, біз оған су құйып сырғанақ жасайтын едік. Ал қазір жағдай мүлдем басқа, – дейді қала тұрғыны Әлібек Қасыбаев.

Тұрғындар жұмыстың неге тоқтағанын білмей дал.

– Бұрын ескі де болса корт бар еді, енді балалар ойын алаңынсыз қалды, – дейді аула тұрғындарының бірі.

– Мен осында бала кезімнен тұрамын. Бұрын корт болған. Балалар футбол, түрлі ойын ойнайтын. Ал қазір түк жоқ. Балалар көрші аулаларға барамыз деп алысқа ұзап кетеді. Біз алаңдап отырамыз, – дейді қала тұрғыны Әсем Дүйсембаева

Жаздың аяғы да таяп қалды, ал жұмыстың қашан бітері белгісіз. Жаңа алаңды балақайлар да сарғая күтіп жүр.

– Мұнда қараңғы түскенде жүру қорқынышты, құлап аяғыңды жаралап алу оп-оңай. Мен де бірнеше рет құладым. Біз бәрінің тез аяқталғанын қалаймыз. Жақында жаз өтеді, ал біз әлі алаңды күтіп жүрміз, – дейді Самина Сейітқазы.

Қарағанды қаласын абаттандыру және жоспарлау бөлімінің басшысы Нариман Иткарин халықтың алаңдауына негіз жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, жақында орнатылатын жаңа спорттық корт заманауи және қауіпсіз болады. Қазір олар қоршауға тапсырыс беріп, соны күтіп жүр. Қоршау келсе, оны 1-2 күнде құрып тастамақ, сөйтіп жұмыс әп-сәтте аяқталмақ.

– Биыл әмбебап кортқа жөндеу жүргізіп жатырмыз, бізде осындай екі корт орнатылады. Бұл корт арнайы қоршаумен қоршалады. Оны жоғары сапада, яғни жазда футбол, ал қыста сырғанақ тебуге болатындай етіп жасаймыз, – дейді Қарағанды қалалық абаттандыру және жоспарлау бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.

Мамандар шілде айының соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне берілетінін айтып уәде берді.

Нұрәсем АХАН,

«QH»