Аяқкиімді цифрмен таңбалау қымбатшылыққа әкеле ме?

1 қарашадан бастап аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бұл бір жағынан цифрлы экономиканы дамытуға ықпал етсе, екінші жағынан «көлеңкелі» экономиканың үлесін қысқартып, нарықтағы заңсыз әрі сапасыз өнімнің айналымын азайтады.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, 1 қарашадан бастап, аяқ киімдер таңбалана бастайды. Таңбаланбаған аяқ киімді өндіруге және еліміздің аумағына әкелуге тыйым салынады. Бүгінде «көлеңкелі» аяқ киім нарығы жалпы көлемнің 48,5%-ын құрайды. Аяқ киімнің сандық таңбалануы нарықты «тазалауға» және оны контрафактіден арылтуға септігін тигізбек.

Еске салсақ, тауарларды цифрлық таңбалау – Еуразиялық экономикалық деңгейінде жүзеге асырылып жатқан ұлтаралық жоба.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманова тауар таңбаланса, оның елімізге жеткізілу тізбегін бақылап, қайдан шыққаны, кім өндіргені, қандай жолмен сақталғаны жөнінде және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы толыққанды ақпарат алуға болатынын айтады.

— Тауарларға цифрлы код беріледі. Бұл код ілеспе құжаттардың бәрінде көрсетіледі. Осы таңба арқылы тұтынушы да тауар туралы мәліметтерді, оның жарамдылық мерзімін, өндірілу уақытын көре алады. Ал тауарға тапсырыс берген кәсіпкерлер өнімнің тура өндірушіден келгеніне көз жеткізіп, контрабандалық тауарлардан бизнесін қорғай алады. Бұл жүйе тұтынушыға да, сатушыға да тиімді деп отырғанымыз сондықтан, — дейді Бикеш Құрманова.

Таңбасы қойылған, тиісті органдарда ресми тіркелген, тексеруден өткен тауарлар адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті емес. Себебі, тауар таңбаланған кезде сатушы тарапынан түрлі қулықтың жолы бөгеледі. Өйткені, тауар таңбаланғанда қойылатын цифрлы код – қолдан жасау мүмкін емес тауардың төлқұжаты. DataMatrix коды тауардың барлық жолын: өндірген зауыттан бастап, тұтынушыға жеткізілгенге дейінгі тізбекті бақылауға мүмкіндік береді. Ал, дүкендер мен дистрибьюторлар сандық кодтағы ақпаратты мүлде өзгерте алмайды. Тұтынушы болса, арнайы құрылған Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнімнің құрамы, бағасы туралы деректермен танысып, қосымшаның көмегімен өндірушіге және мемлекеттік органдарға бұзушылықтар туралы хабар бере алады.

— Тауарды өндіріс барысында таңбалау – ең ыңғайлы нұсқа. Сондайақ импорттаушылардың Қазақстанға өнімді әкелу кезінде кедендік қоймада да таңбалау қызметтеріне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Кеден қоймалары инновацияға белсенді дайындалуда. Олардың аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік дайындаушы зауыттарда таңбаланбаған тауарға стикерлер немесе «Data Matrix» цифрлық коды бар заттаңбалар салынады. Таңбаланбаған тауардың қалдықтарын сату үшін бөлшек бизнес өкілдерінде әрбір аяқ киімге арналған сәйкестендіру ақпаратын ақпараттық жүйеге енгізудің оңайлатылған тәртіпте рәсімдеуге 2022 жылғы 1 қарашаға дейін қосымша бір жыл уақыт берілетінін атап өткім келеді, — деп түсіндірді Бикеш Құрманова.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығы 45 шетелдік зауытпен жұмыс істеу үшін жүргізген келіссөздер сәтті болған. Қазақстандық аяқ киім импортының 61%-ы келетін қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құны бір жұп үшін 70 теңгені құрайды. Түрік зауыттары мұны 70-100 теңгеге жасауға дайын. Итальяндық зауыттардағы ең қымбат қызметтер – бір жұп аяқкиім үшін шамамен 300-400 теңге. Орташа алғанда, таңбалауға байланысты шығындар бір жұп аяқ киім құнының 0,1- 2,5 пайызын құрайды.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,

QH