«Автожолдар тазалансын!»

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен автожолдардағы тазалық мәселесі бойынша онлайн режимінде аппараттық кеңес өтті. Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин мен Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Сәтпек Әбдіхалықов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жиын Нұрлан Рыстиннің баяндамасымен басталды. Аудан әкімі ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдағы техника санын арттыратындығын атап өтті.

— Биыл алғаш рет аудан тазалығы үшін үш жылдық келісімшарт жасалды. Енді жыл сайын конкурс өткізудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, енді мердігер ұйымдарға лизингке және басқа механизмдер бойынша жаңа арнайы техниканы сатып ала алады. Аудан әкімдігі аумақта санитарлық және механикаландырылған тазалау жұмыстарымен айналысатын бес мердігерлік ұйыммен үш жылдық келісім шарт жасады. Аумақта төрт түрлі тазалық жүргізіледі: механикаландырылған, санитарлық, тұрғын үй алаңдарын жинау және қоғамдық орындарды тазарту. Қазыбек би атындағы аудан бойынша барлығы бес мердігерлік ұйымда 336 бірлік мамандандырылған техника және 265 жол жұмысшысы қызмет етеді.

Күн сайын күндізгі ауысымға желіге 110 бірлік мамандандырылған техника және 120 жол жұмысшысы шығады. Түнгі ауысымда сексен техника мен жетпіс-жүз жол жұмысшысы жұмыс істейді. Мердігер ұйымдар автогрейдерлердің шығуын күндізгі ауысымда алты-сегіз бірлікке және түнгі ауысымда төрт-алты бірлікке дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Оған қоса, біз самосвалдардың санын күндізгі ауысымда жиырма-жиырма бестен елу-алпыс бірлікке дейін, түнгі ауысымда қырық бес-елу бірлікке дейін ұлғайттық, — деп мәлімдеді Қазыбек би ауданының әкімі.

Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Сәтпаев Абдакаликов та үнсіз қалмады:

— «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында Әлихан Бөкейхан ауданы алты секторға бөлінген. Тиісінше, алты мердігерлік ұйым жолдарда қысқы және жазғы тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қысқы уақытта тәулік бойы, ал қалың қар жауғанда күшейтілген режимде жұмыс істейді. Механикалық жинау Әлихан Бөкейхан ауданының алпыс көшесін қамтитын бағыттарда жүргізіледі. Сонымен қатар, қысқы тазалық жұмыстарына шағын саябақтарды тазалау да кіреді. Ауданда олардың саны он сегізді құрайды.

Қала әкімі баяндамаларды тыңдап, шаһардағы тротуарларды ешкім тазаламайтынын, ал автомобиль жолдарында көктайғақ екендігін тілге тиек етті.

— Сіздер жолда жүру қауіпсіздігіне, тротуарларды қардан тазартуға жауаптысыздар. Жолдар мен тротуарлардың таза болуын талап етемін. Алаңдар мен саябақтарда жұмыс жүріп жатқаны байқалады. Бірақ, тротуарлар әлі де жеткілікті деңгейде таза емес. Техниканың бәрі қайда? Қандай жұмыс атқарылып жатыр? Күн демей, түн демей, жұмыс жасаңыздар. Өзім күндіз-түні қаланы аралап, қадағалаймын. Барлық техника шығарылып, жұмыс жасалуы керек. Бұл сіздердің міндеттеріңіз. Сіздер осы шаруаның басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, бақылауларыңыз қажет, — деп бұйырды Ермағанбет Бөлекпаев.