Автобустар қайта жолға шықты

Қарағандыда барлық бағыт бойынша автобустар жолға шықты. Билік отынмен қамтамасыз етуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда қарағандылықтар қоғамдық көлікті көп күтуге тура келетіндігін алға тартып, шағымын білдірді. Өйткені, кейбір бағыттар бойынша автобустар жүрмеген. Жанармай құю бекеттерінде дизель отынының тапшылығы байқалған. Қала билігі 11 қазан жағдай қалыпқа келгендігін мәлімдеді.

Шаһар автопарктерінің ақпараты бойынша, барлық бағыттар жаңа аптаның басталуымен жоспарлы түрде іске қосылды. Бұл туралы Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәлімдеді.

Қала басшылығы 10 қазанда, демалыс күнгі жоспар бойынша желіде 193 автобус болғандығын айтты. Ал, 11 қазанда, 335 автобус жұмыс істеген. Аппараттық кеңес кезінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те осы жағдайға қатысты пікірін білдірді.

  • Энергетика министрлігі сенбі күні өткен селекторлық кеңесте Қазақстанға ресейлік дизель отыны әкелініп жатқаны туралы егжей-тегжейлі баяндады, — деді өңір басшысы. — Иә, белгілі бір уақытта тапшылық болды. Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеуден өтуде. Демалыс күндері қоғамдық көліктерге қосымша дизель оты-ны келді. Алайда, оны ірі автопарктер ғана алды. Еліміздің барлық өңірлері бұл мәселені пысықтауда. Сондықтан, алдағы уақытта бұл жағдай қайталанбайды. 10-15 күнде Павлодар зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, отын жеткізу мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, бір айдан кейін жалпы жанар-жағармай мекемелеріне де дизель отыны әкелінеді.

Өңір басшысы тілге тиек еткен өткен аптаның сенбісінде болған жиында «Автобус» Республикалық жедел-профилактикалық ісшарасы талқыға салынған. Шара қаламызда 4-13 қазан аралығында өткен. Басқосуда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері арасында көлік тәртібін арттыру және қала жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында қарағандылық жолаушылар тасымалдаушыларының өкілдерімен де кездесті.

Кездесуге №2, №3, №5 автобус парктері мен «Таксокомбинат-1», «Рейс», «Экспресс и А» жауакершілігі шектеулі серіктестік өкілдері шақырылды. Сонымен бірге, облыстың тұрғынүйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы көліктегі бақылау бөлімінің өкілдері де қатысты.

2021 жылдың тоғыз айында қоғамдық көліктің қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 15 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Қарағандыда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы орын алып, 3 адам қаза тапқан, 13 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 33%-ға артқан.

Жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілеріне 2335 әкімшілік хаттама, ҚР жол қозғалысы ережесінде тыйым салынған көлік құралдарын пайдалануға шығарғаны үшін ұйымдарға 10 хаттама толтырылған.

Жиында қоғамдық көлікте біреудің мүлкін ұрлау тақырыбы да қозғалды. Мұндай жағдайлар аз емес. Қарағанды қаласының полиция басқармасында тұрақты түрде біреудің мүлкін ұрлаудың алдын алу, ескерту және болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу соңында полицейлер жолаушылар автобусының жүргізушілерін жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауды, жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде мұқият болуды, қозғалыс кезінде жылдамдықты алдын ала төмендетуді және ұялы телефонмен сөйлеспеуді талап етті.