Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!

Жұқпалы емес аурулар – адамнан адамға жұқпайтын және жұқпалы қоздырғыштардан туындамайтын аурулар тобы. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлар аурулары, қант диабеті, созылмалы респираторлық аурулар және обыр жатады. Бұл аурулар бүгінде қоғамда өзекті, өйткені олардың таралуы өмір салтымен, қоршаған орта факторларымен және генетикалық бейімділікпен байланысты.

Жұқпалы емес аурулардың алдын алу олардың пайда болуы мен өршу қаупін азайтуға бағытталған шаралар кешенінен тұрады. Өмір салтын өзгерту, ауруды ерте анықтау және тұрақты түрде медициналық тексерулерден өту – аурулардың  алдын алудың негізгі бағыттары. Ең алдымен халыққа темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің жетіспеушілігі және алкогольді шектен тыс қолдану тәрізді қауіпті факторлар туралы хабардар ету  маңызды аспект.

Темекі шегу көптеген жұқпалы емес аурудың, соның ішінде өкпе обыры мен жүрек-қан тамырлары ауруларының өршуінің негізгі қауіпты факторларының бірі. Темекі шегуден бас тарту және темекі шегуді қойғысы  келетін адамдарға қолдау көрсету бағдарламалары  алдын алудың маңызды шаралардың бірі. Сондай-ақ алкогольді тұтыну мәселесіне назар аудару керек. Алкогольді аз мөлшерде тұтыну немесе одан толық бас тарту жұқпалы емес аурулардың өршуін  біраз төмендетеді.

Жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі факторларының бірі – дұрыс тамақтану. Жемістерге, көкөністерге, дәнді дақылдарға және майсыз ақуызға бай теңдестірілген диетаны қолдану арқылы жұқпалы емес аурулардың өршу қаупін азайтуға болады. Сондай- ақ тұз, қант және қаныққан майлар мөлшерін тұтынуды шектеу маңызды. Физикалық белсенділік те бірден бір маңызды рөл атқарады. Физикалық белсенділікті күнделікті қалыптастыру қалыпты салмақты сақтауға, жүрек-қан-тамыр жүйесін жақсарту және иммунитетті  нығайтуға ықпал етеді.

Жұқпалы емес аурулардың алдын алуда психологиялық саулықтың да маңызы зор, себебі стресс, уайымға түсу және мазасыздық әртүрлі аурулардың өршуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан үнемі психо-эмоционалдық жағдайға назар аударып, жан тыныштығын сақтап, демалуға да  уақыт табу керек.

Ауруларды ерте анықтау және емдеу де алдын алудың маңызды аспектілері. Тұрақты медициналық тексерулер мен скринингтер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, яғни адамдарға толық және дұрыс емдеу  мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Сондықтан, халықтың аурудың белгілеріне мән беріп, медициналық тексерулерден уақытылы өтуі қажеттілігін ескергені маңызды.

Қорытындылай келе, жұқпалы емес аурулардың алдын алу өмір салтын өзгертуден, ауруларды ерте анықтаудан, дұрыс ем алудан  қамтитын кешенді шаралардан тұрады. Әрбір адам салауатты өмір салтының ұсынымдарын  орындау және қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну талаптарын сақтау арқылы жұқпалы емес аурулардың өршуіне жол бермеуге өз үлесін қоса алады. Денсаулықты сақтау – бұл жеке жауапкершілік қана емес, жалпы қоғам денсаулығына қосатын үлес.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

 санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

А.К.ЖАРМУКАНОВА,

бас маман