Ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейі жақсарады

Ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейі жақсарады: Үкімет Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті

Мемлекет басшысының жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.

Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.
Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.