Ауылды дамыту

Қарағанды облысына ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов келді. Шаһарымызға сапар барысында облыс әкімімен кездесіп, ауылшаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда өңірлерде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Оған Мемлекет басшысының ауыл аймақтарын дамыту туралы Жарлығы және осы бағытта қолға алынған Халықтың табыстарын арттыру бағдарламасы негіз болды. Пилоттық жоба ретінде «Ауыл аманаты» Жамбыл облысында басталып, 2023 жылға дейін екі өңірге (Жамбыл – 13,2 миллиард, Ақтөбе – 3,0 миллиард теңге) 16,2 миллиард теңге бөлінді. Оның түпкі мақсаты – «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесіне жету үшін аудан көлемінде қанша азық-түлік түрлерінің өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз етілуін анықтау, ауылдарда аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын нақтылау, оларды жоба аясында шағын кәсіпке тарту, сол арқылы табыстарын көтеру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Тағы бір өзекті мәселе – ауылдық деңгейде кооперативтер құру. Кооперативтің негізгі мақсаты – жоба бойынша шағын несие алған ауыл тұрғындарының басын қосып, оларға жер жыртып, суаруға көмектесу, өсірген картоп пен көкөністі қайта өңдеу немесе қалаға жеткізіп, коммуналдық рыноктан тегін орын алып, өткізу немесе өз дүкендерін ашу.

– Біз не сонда бір қырыққабатты өндіре алмаймыз ба? Өзімізде тек 3 пайызы ғана шығарылады. Мен мұны тек мысал ретінде ғана айтып отырмын. Экономика басқармасына бұл сұрақты неге қойып отырмын, айтайын. Тұрғындарымыздың басым көпшілігі ауылшаруашылық өнімінің 65 түрін тұтынады, – дейді ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов.

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту, ауыл өнімдерінің үлесін арттыру, кооперацияны қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін бірлесіп, аталған бағыттар аясында жұмысты сапалы және нәтижелі атқарылу қажет.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»