Ауылдағы кәсіп: грантпен жаңа тыныс
Қарағанды облысында жастар өз бизнес-идеяларын жүзеге асыруда. Өңір және аудан әкімдерінің қолдауымен берілетін гранттар кәсіптің алғашқы қадамын бастауға немесе жұмыс істеп тұрған істі кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Мәселен, өткен жылы Осакаров ауданында 10 жас кәсіпкер грант иегері атанды. Олар ауылда сүт өнімдерін өндіру, қоқыс шығару, шеберханалар мен сұлулық салондарын ашу сынды жобаларды іске асырды.
Биыл маусымда аудандық грант байқауына өтінім қабылдау қайта басталды. 18 бен 35 жас аралығындағы жастар өз идеясын ұсынуға мүмкіндіктері бар.
Есіл ауылының тұрғыны Влада Крюковская – өткен жылғы байқау жеңімпаздарының бірі. Күйеуімен бірге құс өсіру ісін бастаған ол 1 миллион теңге көлемінде грант алып, инкубатор сатып алған.
– Идеяң болса, оны жүзеге асыруға жол ашық, – дейді Влада. – Инкубатордан шыққан балапандар бірден сатылып кетті. Қазір тұрақты сұраныс бар, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Тағы бір табысты жоба иесі – Трудовое ауылындағы ұстаз Фариза Өміржанқызы. Ол оқушыларға арналған әдістемелік құралдар жасай бастады. Уақыт өте келе бұл іс шағын бизнеске айналып, ауыл шеберханасына айналды.
– Грант арқылы фрезерлік станок алып, өнім көлемін арттырдық. Қазір бізге балабақша мен мектептерден тапсырыстар келіп түсуде, – дейді ол.
Фаризаның шеберханасы тек бизнес емес, әлеуметтік жобалармен де айналысады. Мұнда «Күміс ғасыр» бағдарламасы арқылы аға буын өкілдері жұмыс істейді, ал «Алтын жас» жобасына жаңа қатысушыларды тарту жоспарлануда.
Қарағанды жастарының мысалы – мемлекеттің қолдауы мен бастаманың ұштасқанда ауылдан-ақ табысқа жетуге болатынын көрсетеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»