Ауыл ауыз сумен қамтылмақ

Қарағанды облысында 291 201 адам тұратын 421 ауылдық елді мекен бар. Орталықтандырылған сумен жабдықтау 246 елдімекенде, орталықтандырылмаған – 175 елді мекенде бар, олардың 81-де жерасты суларының расталған қоры бар. Демек, желілерді салу қажет. Билік бүкіл облысты сумен қамтамасыз ету үшін тағы не істемекші? Бұл туралы аппараттық жиналыста энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов айтып берді.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің басшылығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде ауылдық елді мекендердегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі қозғалды.

– Аудан әкімдері желі құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат қарастыруы қажет, – деді Ұлантай Төлеутайұлы. – Халқы 200 адамнан кем 137 ауылда сумен қамтамасыз ету үшін кешенді блокмодульдерді орнату күтілуде. 200- ден астам тұрғыны бар тағы 38 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта тұтастай алғанда 16 жобаны орындау, 123,3 шақырым желі салу талап етіледі және барлығына 3,3 миллиард теңге кетеді. 2022-2024 жылдарға арналған жоспар бойынша 10,4 миллиард теңге сомаға 18 жоба мәлімделді, қазіргі уақытта 3,9 миллиард теңге сомаға 6 жоба қолдау тапты.

Сумен қамтамасыз ету үшін кешенді блок-модульдерді орнатуға келетін болсақ, оны орнатудың орташа бағасы – 15-20 миллион теңге, ал пайдалану шығындары жыл сайын шамамен 5 миллионға тең. Бұл сомаға оператордың жалақысы, электр қуатын төлеу, суды талдау және сору, сондай-ақ жабдықты ауыстыру кіреді, – деп түсіндірді Ұлантай Үсенов. Судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес болады. Ауыл жабылған жағдайда бұл модульдерді тасымалдауға болады.

– 2021 жылдың 8 айында облыста ауыз суды субсидиялауға 155,4 миллион теңге жұмсалды – 46 ауылда 53 422 адам сумен қамтамасыз етілді. Келесі жылға жоспар бойынша ауылдардың 54 613 адамын сумен қамтамасыз ету үшін субсидия сомасы 251,4 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров және Ұлытау аудандары субсидия алмайды, – деп атап өтті энергетика және ТКШ басқармасының басшысы.

– Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі және оны шешу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Экологиялық заңнаманың талаптары туралы да ұмытпау керек: су лас түрде төгілмеуі керек – оны тазарту қондырғыларынан өткізіп, табиғат байлығына ұқыпты қарау керек, – деп қорытындылады облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Біздің алдымызда 2025 жылға дейін облыстың барлық тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Менің ойымша, бұл жоспарларды ертерек орындауға мүмкіндік бар: қаржыландыру жеткілікті. Келесі 3 жылға арналған бюджеттерде біз бұл үшін барлық қажетті қаражатты қарастыруымыз керек.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ,

QH.