Ауыл ахуалын оңалтар жоба
Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасына биыл 32 ауыл қатысады. Әлеуметтік маңызы бар 33 жоба іске асырылатын болады, оның ішінде 22 елді мекенде жол жөнделеді. Бұл туралы облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды.
Аймақтағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндады. Оның айтуынша, былтыр аталмыш бағдарлама аясында 60 мыңға жуық адам тұратын 21 ауыл мен кент жақсартылған. Тұрғындар үшін жаңа спорт нысандары салынып, мектептер мен интернаттар, мәдени орталықтар жөнделді. Автокөлік жолдары ретке келтірілуде. Бұл жұмыстар биыл да жалғаспақ. Әрі бағдарламаның ауқымы да кеңейе түседі деп күтілуде.
– Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 43 924 адам тұратын 32 ауылдық елді мекенді қамту жоспарлануда. Бұқар жырау ауданының Гагарин ауылындағы мектепте қосымша құрылыс жалғасады. Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде және Абай ауданының Топар кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, – деп атап өтті Татьяна Аблаева.
Осакаровка ауданының Ақбұлақ ауылындағы орта мектеп қайта жаңартылады. Осакаровка ауданының Батпақ, Садовой, Озерный, сондай-ақ Шет ауданына қарасты Мойынты және Босаға ауылдарында бес мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ Абай, Осакаровка, Нұра және Бұқар жырау аудандарының 22 елді мекенінде 134 шақырым кентішілік жолдарды жөндеу жоспарлануда.
– «Бір ауылдық елді мекен – бір жыл» деген қағиданы ұстану қажет. Біз бір ауылға кіріп, бәрін шешіп, қайта оралмағанымыз абзал. Аудан әкімдері «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды кешенді дамыту жоспарларын дайындасын. Барлық конкурстық рәсім уақытылы өтіп, жобаларды іске асыруға кірісу қажет, – деді аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі