Ауруды асқындырмай анықтау маңызды
Денсаулықты сақтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – ауруды ерте анықтау. Әсіресе онкологиялық дерттерге қатысты бұл қағиданың маңызы зор. Себебі қатерлі ісік бастапқы кезеңдерде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулер мен скринингтік бағдарламалар адам өмірін сақтап қалудың маңызды құралына айналып отыр.
Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы (онкологиялық орталық) мамандары тұрғындарды скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Жуырда тіркелген клиникалық жағдайлардың бірі мұндай тексерулердің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Облыстың 75 жастағы тұрғыны колоректальды обырға қарсы скринингтен өту барысында нәжістегі жасырын қанға жүргізілген тесттен оң нәтиже алған. Осыдан кейін ол қосымша тексеру үшін онкологиялық орталыққа жолданды.
Колоноскопия кезінде дәрігерлер тоқ ішектен көлемі 0,5-тен 4 сантиметрге дейінгі бірнеше полип анықтады. Олардың ішінде қатерлі ісікке айналу қаупі жоғары ірі түзіліс те болған. Мамандардың айтуынша, мұндай полиптер ісік алды жағдайларға жатады және уақытылы алынбаса, онкологиялық аурудың дамуына себеп болуы мүмкін.
Эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі Индира Хамитованың айтуынша, қазіргі медицинаның мүмкіндіктері мұндай түзілістерді күрделі операциясыз-ақ алып тастауға жол ашады.
– Заманауи эндоскопиялық технологиялардың арқасында ісік алды өзгерістерді үлкен тілік жасамай-ақ, аз инвазивті әдіспен толық алып тастауға болады. Бұл пациенттің сауығу мерзімін қысқартып, өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді, – дейді маман.
Бұрын осындай патология анықталған науқастарға ішектің бір бөлігін алып тастауды қажет ететін күрделі ашық операциялар жасалатын. Ал бүгінде эндоскопиялық әдістердің дамуының арқасында емдеу әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз жүргізіледі.
Онкологиялық орталық мәліметінше, мұндай эндоскопиялық араласулар саны жыл сайын артып келеді. Егер 2024 жылы обыр алды аурулар мен қатерлі ісіктің ерте сатыларына байланысты 24 операция жасалса, 2025 жылы олардың саны 42-ге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана 35 осындай ота орындалған. Барлық ем-шаралар сәтті өтіп, көптеген науқастың күрделі хирургиялық операциядан құтылуына мүмкіндік берген.
Мамандардың айтуынша, жоғары дәлдіктегі эндоскопиялық жабдықтар ауруларды ерте кезеңде анықтауда шешуші рөл атқарады. Қазіргі құрылғылар шырышты қабықтағы ең ұсақ өзгерістерді де анықтап қана қоймай, тіндердің жағдайын зерттеу барысында бағалауға мүмкіндік береді. Бұл диагноз қою дәлдігін арттырып, тиімді емдеу тактикасын уақытылы таңдауға жағдай жасайды.
Ең бастысы, скринингтік тексерулер де, қосымша диагностикалық зерттеулер мен эндоскопиялық емдеу шаралары да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі.
Науқастың өзі де скринингтің маңызын жеке тәжірибесі арқылы түсінгенін айтады.
– Өзімді жақсы сезіндім, ешқандай шағымым болған жоқ. Сондықтан мұндай өзгерістер анықталады деп ойламадым. Дәрігерлердің арқасында қауіпті түзілістер дер кезінде алынып тасталды. Енді профилактикалық тексерулердің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсіндім, – дейді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, колоректальды обыр – әлемде де, елімізде де жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Алайда ісік алды өзгерістерді ерте анықтап, жою арқылы оның дамуының алдын алуға болады.
75 жастағы тұрғынның оқиғасы – скринингтің адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы рөлінің нақты дәлелі. Сондықтан мамандар профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, белгіленген мерзімде өтіп тұруға кеңес береді. Себебі ауруды ерте анықтау – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің басты кепілі.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

