Ауладағы қараусыз көліктерге бақылау күшейді

Елімізде елді мекендерді абаттандыру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне еніп, аулалар мен қоғамдық орындарда ұзақ уақыт қараусыз тұрған көліктерге қатысты талаптар қатаңдатылды. Енді тұрғын үйлердің аулаларында жарамсыз күйде жылдап тұрған автокөліктер заң талаптарына сәйкес эвакуацияланып, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Жаңа үлгілік абаттандыру қағидалары 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Құжаттың басты жаңалықтарының бірі – бұрын нақты реттелмеген қараусыз қалған автокөліктер мәселесінің заңнамалық деңгейде айқындалуы. Енді ұзақ уақыт пайдаланылмайтын, техникалық жағдайы нашар және ортақ пайдаланылатын аумақтарды иемденіп тұрған көліктерді аулаларда сақтауға жол берілмейді.

Қала тұрғыны Юрийдің айтуынша, мұндай мәселелерді тұрғындар арасында дау туғызбай, заң аясында шешкен дұрыс.

– Қараусыз тұрған көліктер ауланың көркін бұзады. Мұндай жағдайда алдымен көлік иесіне ескерту жасалып, кейін ғана заң талаптарына сәйкес шара қолданылғаны дұрыс деп есептеймін, – дейді ол.

Тұрғындардың пікірінше, қараусыз қалған көліктер тек эстетикалық мәселе ғана емес, қауіпсіздікке де кері әсер етеді. Олар автотұрақ орындарын босқа алып, арнайы қызметтердің қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін.

Қарағанды тұрғыны Анна да жаңа талаптарды қолдайды.

– Ұзақ уақыт қараусыз тұрған көліктер өрт қауіпсіздігіне қауіп төндіреді әрі ауланың келбетін бұзады. Оның үстіне мұндай көліктер тұрғындарға арналған тұрақ орындарын да босқа иемденіп тұрады, – дейді қала тұрғыны.

Жаңа талаптарға сәйкес, абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері ұлғаяды.

Сонымен қатар жаңа қағидаларда автокөліктерді тротуарларға, гүлзарларға, балалар және спорт алаңдарына, қоқыс контейнерлерінің жанына және көлік қоюға арналмаған басқа да орындарға орналастыруға тыйым салынған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тұрғындарды қоғамдық кеңістіктерде тәртіп сақтауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, ортақ пайдаланылатын аумақтарды заңсыз қоршап, шынжыр, бағана немесе басқа да бөгеттер орнату арқылы жеке автотұрақ жасауға да жол берілмейді. Мұндай фактілер анықталған жағдайда азаматтар e-Otinish платформасы арқылы фото немесе бейнематериалдарды жолдап, тиісті органдарға хабарлай алады.

Мамандардың айтуынша, жаңа талаптардың басты мақсаты – тұрғындарды жазалау емес, аулалардағы тәртіпті күшейтіп, ортақ пайдаланылатын кеңістіктерді тиімді пайдалану. Қараусыз қалған көліктерден арылған аулалар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Таза әрі жинақы аула – әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен ортақ мәдениетінің көрінісі.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»