Қауіпсіздік шарасы қатаң сақталуы керек
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов қала тұрғындарына үндеу жолдады. Бұған Теміртау қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллонының жарылуы, салдарынан 7 адамның зардап шегуі себеп болған. Жыл басынан бері Қарағанды қаласы аумағында да дәл осындай апаттар тіркеліп, адам өлімі орын алған-ды. Сондықтан шаһар басшысы халықты қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауға үндеп отыр.
– Газ баллондарын дұрыс пайдаланбау адам денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіреді. Қаңтар айында Щорс көшесіндегі үйде болған жағдай бәріміздің есімізде. Газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан 2 адам зардап шекті. Ал Теміртаудағы жағдайдан 7 адам зардап шекті, оның бесеуі – бала. Қорқынышты жағдай, – деген қала әкімі көпқабатты үйде тұратын азаматтарды мүмкіндігінше газ баллондарынан бас тартуға шақырып, баламалы жол ретінде электр плиталарын пайдалануға шақырды. Сондай-ақ екінші қабаттан жоғары орналасқан пәтерлерде газ баллонын пайдалануға түбегейлі тыйым салынғанын еске салды.
– Тұрғындар қауіпсіздігі үшін мобильді топ жұмыс істеуде. Оның құрамына Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, аудан әкімдіктерінің, Қарағанды қаласы ТЖБ мамандары кіреді. Мобильді топ мүшелері үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін, 2-қабаттан жоғары көппәтерлі үйлерде газ баллондарын сақтауға және пайдалануға жол берілмейтінін түсіндіруде. Осы аралықта бірнеше тұрғын айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер ол азаматтар тағы да заң талабын бұзатын болса, айыппұл көлемі де арта түседі, – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда қала тұрғындарының басым дені орталықтандырылған газға қол жеткізе алмай отыр. Яғни қалада небәрі 295 газгольдер бар екен. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің шамамен отыз пайызға жуығы газ баллондарын тұтынуда. Десек те орталықтандырылған газдың қолжетімді болмауы сақтық шарасын естен шығаруға болады дегенді білдірмесе керек.
– Балаларыңыздың, туыстарыңыздың, жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіздер! Газ баллонын пайдалану ережелерін сақтаңыздар!
Егер де 2-қабаттан жоғары тұратын көршілердің газ баллондарын пайдаланатынын байқасаңыз, 101 телефонына хабарласуыңызды немесе Н.Назарбаев даңғылы, 39 (тел.: 42-11-05) мекенжайында орналасқан Қарағанды қаласының Тұрғын үй инспекциясы бөліміне жазбаша хабарласуыңызды сұраймын, – деп түйіндеді қала әкімі үндеуін.