Қауіпсіздік әдеттен басталады

Қарағандыда құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды ережелерді тұрғындарға күнделікті өмірге жақын форматта түсіндірді. Ауладағы профилактикалық шара барысында ашық терезе, өрт, судағы қауіпсіздік және алғашқы көмек көрсету мәселелері қамтылды. Мамандардың айтуынша, бала қауіпсіздігіне келгенде бір сәттік немқұрайлылықтың өзі орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алу жұмыстары ата-аналармен қатар балалардың өзіне де түсінікті болуы керек.

Балалар үшін жазғы демалыс – ойын мен серуенге толы кезең. Алайда осы уақытта қауіпсіздікке қатысты тәуекелдер де арта түседі. Әсіресе су айдындары, ашық терезелер, электр құрылғылары мен отқа байланысты қауіптер ата-аналардың жіті назарын талап етеді.

Осыны ескере отырып, Қарағанды қаласында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында балалар мен ата-аналарға арналған профилактикалық кездесу өткізді. Мұнда әдеттегі түсіндіру жұмыстарынан гөрі, көрнекілік пен тәжірибеге басымдық берілді.

Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Молдабаевтың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – қауіптің алдын алу және балаларға қарапайым ережелерді ерте жастан үйрету.

– Қала аумағында балалардың қауіпсіздігіне байланысты профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Мұндай кездесулерде ата-аналарға да, балаларға да қауіптің алдын алу жолдарын түсіндіреміз. Біздің мақсатымыз – төтенше жағдай болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сондықтан тұрғындардың күнделікті өмірінде кездесетін қауіптердің барлығына назар аударуға тырысамыз, – деді Бақытжан Молдабаев.

 

Ашық терезе – көзге көрінбейтін қауіп

Шарада ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі – балалардың терезеден құлап кету қаупі. Мамандар ата-аналарға терезені ашық қалдырмауды, балалардың терезе алдына шығуына мүмкіндік бермеуді және арнайы қауіпсіздік құрылғыларын пайдалануды ескертті.

Құтқарушылардың айтуынша, москит торы баланың салмағын көтеруге арналмаған. Сондықтан оны қауіпсіздік құралы деп қабылдауға болмайды.

– Балалардың жарақат алу жағдайларының ішінде терезеден құлау мәселесі де бар. Сондықтан ата-аналар терезеге шектегіштер мен арнайы құлыптар орнатқаны дұрыс. Москит торына сенуге болмайды. Ол баланы құлаудан қорғамайды. Ең бастысы – баланы терезенің жанында қараусыз қалдырмау, – деп атап өтті Бақытжан Молдабаев.

Бұл – қарапайым ғана сақтық шарасы болғанымен, бала өмірін қорғауда маңызы зор. Әсіресе кішкентай балалардың айналадағы қауіпті толық бағалай алмайтынын ескерген жөн.

 

Өрттің алдын алу – ортақ міндет

Балаларға өрт қауіпсіздігі де түсіндірілді. Құтқарушылар арнайы көрме ұйымдастырып, өрттен зардап шеккен тұрмыстық заттарды көрсетті. Олардың арасында электр плитасы, шәйнек, пернетақта және басқа да заттар бар.

Мұндай көрнекіліктің тәрбиелік мәні жоғары. Өйткені балалар өрт туралы тек сөзбен естіп қана қоймай, оның тұрмыстық заттарға қандай әсер ететінін көзбен көрді.

Мамандар ата-аналарға балаларды сіріңке, оттық, электр құрылғылары сияқты заттармен жалғыз қалдырмауды ескертті. Үйдегі электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, жарамсыз құрылғыларды пайдаланбау да өрт қауіпсіздігінің маңызды талаптарының бірі.

 

Судағы қауіпсіздікке де салғырт қарауға болмайды

Жаз мезгілінде өзекті болатын тағы бір мәселе – судағы қауіпсіздік. Құтқарушылар балаларға жабдықталмаған су айдындарында шомылудың қауіпті екенін түсіндірді.

Қауіп тек үлкен өзендер мен су қоймаларында емес. Қараусыз қалған шағын тоғандар, арықтар, су жиналған шұңқырлар да бала үшін қауіпті болуы мүмкін.

Мамандар баланың жүзе алуы қауіпсіздік кепілі емес екенін еске салады. Бала кез келген су айдынының жанында ересектердің бақылауында болуы қажет.

Құтқарушылар балаларға арнайы жабдықтарын да таныстырды. Олар төтенше жағдайда қолданылатын құралдардың қалай пайдаланылатынын көрсетіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.

 

Алғашқы көмек көрсетуді білу маңызды

Шараның тағы бір маңызды бөлігі – алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақ. Медицина маманы арнайы манекен арқылы жүрекке жанама массаж жасаудың негізгі тәсілдерін көрсетті.

Сонымен қатар тасымалданатын реанимациялық жүйе, өкпені жасанды желдету аппараты және оттегі баллоны таныстырылды.

Мұндай практикалық сабақтардың маңызы ерекше. Себебі төтенше жағдайда алғашқы минуттар шешуші болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен балалардың қарапайым алғашқы көмек дағдыларын білуі пайдалы.

Шара соңында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, кіреберіс есікке арнайы ескерту орналастырылды. Аула аумағына «Ашық терезе – бала үшін қауіп!» деген жазу түсірілді.

Бұл – бір күндік акциямен шектелетін жұмыс емес. Баланың қауіпсіздігі туралы түсіндіруді тұрақты түрде қайталап отыру қажет. Себебі қауіпсіздік ережесі бала үшін бір рет айтылатын ескерту емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс.

Құтқарушылардың айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алуда мемлекеттік органдармен қатар ата-аналардың жауапкершілігі де маңызды. Баланы бақылау, үйдегі қауіпті заттарды қолжетімсіз жерге қою, терезеге қорғаныс құрылғыларын орнату, су маңында қараусыз қалдырмау сияқты қарапайым талаптарды сақтау – үлкен қауіптің алдын алатын нақты қадамдар.

Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі. Ал алдын ала жасалған қарапайым сақтық шарасы кейінгі өкініштен әлдеқайда маңызды.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»