Қауіпке жол жоқ

Қарағандыда Үлкен Михайловка тұрғындарының көпжылдық мәселесі шешілді. Мұнда теміржол арқылы заманауи өткел салынды. Бұған дейін тұрғындар пойыз құрамдарының астымен өтіп, өз өмірлерін қатерге тігетін. Өңір басшысы нысанды аралап, тиісті тапсырмалар берді.

Үлкен Михайловка станциясындағы теміржол енді ересектер балалар үшін алаңдамайтын, өздері де үреймен кесіп өтетін қауіпті аймақ болмайды. Енді олардың сұранысы бойынша қауіпсіз өткел ұйымдастырылды.

– Қазіргі таңда көптеген тұрғынның сұранысы бойынша, Үлкен Михайловка станциясында жолаушылар көпірі салынды, жалпы ұзындығы 70 метр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт қарастырылып, толығымен жабдықталған. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін салынып отыр. Пойыз астынан өту фактілері анықталғандықтан, біз осы көпірді іске қосып отырмыз, – деді  Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Мәселе шешілді. Теміржол арқылы қауіпсіз әрі ыңғайлы өткел қысқа мерзімде салынды. Жасы үлкен адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен арбамен жүретіндер үшін лифтілер орнатылды. Жобада бастапқыда ашық көпір қарастырылған болатын, бірақ өзгерістер енгізіліп, төбесі жабылды.

– Осы жерде теміржолдан өтер көпір салдық. 300 үйдей тұрғын үй бар, сол тұрғындарға жолдан өту қиындық туындатқан. Қазір жағдай жақсарды. Тұрғындар ризашылығын білдіруде, жұмысты 2023 жылы бастадық, жаңа жылдың алдында тапсырдық, – деп түсіндірді «Темір-Арқа» кәсіпорнының басшысы Марат Әбілқайыров.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала бойынша жұмыс сапары барысында қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмалардың орындалуын тексерді. Оның айтуынша, көпірге қосымша жабдықтар орнату қажет.

Сонымен қатар облыс әкімі Геннадий Головкин атындағы спорт кешеніне барды. Мұнда күн сайын 1 200 бала жаттығады, олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар жүзге жуық бала бар. Ғимарат салынған кезде лифт қарастырылмаған еді. Енді жоғарғы қабаттардағы бассейн мен ойын залына қолжетімділік мәселесі шешілді. Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ Сортировкадағы спорт нысандарын – «Дельфин» бассейні мен «Локомотив» стадионын аралады. Олар қаңтар айында күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Инклюзивті ортаға ерекше көңіл бөлініп, автоматтандырылған көтергіштер орнатылып, бейімделген санитарлық тораптар жасалды. «Локомотив» спорт кешенінде жөндеуден кейін күрес, ауыр атлетика және теннис залдары ашылды. Болашақта тағы бір бокс залы дайындалмақ. Жаз айларында түрлі бағдарлама жүзеге асырылып, жазғы спорт лагері жұмыс істейді.

– Қала бойынша бірқатар тапсырма беріліп, соларды тексеріп шықтық. Сортировка аймағында жұмыстар жақсы жасалған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөлінуде. Жұмыстар дұрыс жүріп жатыр, дегенмен жоспарларымыз жетерлік. Футбол алаңын жауып, стандартты түрге икемдеп, қыстада балалар игілігіне бергіміз келеді, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы зообақты да назардан тыс қалдырмады. Мұнда кіреберіс аймақ жаңартылып, жануарлар коллекциясы толықтырылды. Сондай-ақ, динопарк ашылатыны жарияланды. Бұл жоба қазір қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                  

«QH»