Ауқымды жұмыстар атқарылды
2024 жылы облысымызда автомобиль жолдары саласындағы ауқымды жұмыстар жүргізілді, ал алдағы уақытта осы салада цифрлық технологияларды енгізу мен жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды шаралар қолға алынуда. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында автожол саласын жаңғырту және жаңашылдықтарды енгізу бойынша нақты жоспарлар мен жобалар талқыланды. Жиын аймақтағы көлік қатынасы мен жолдардың сапасын арттыру, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін қабылданған шешімдердің маңыздылығын көрсетеді.
Республикалық маңызы бар жолдарда үлкен жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Қарағанды-Балқаш» автожолының 363 шақырымына асфальтобетон жабыны төселді, ал «Балқаш-Бурылбайтал» жолының екі учаскесі бойынша құрылыс аяқталды. «Қарағанды-Қарқаралы» жолының 115 шақырымы жөндеуден өтті, ал қалған 85 шақырым жолды жөндеу осы жылы аяқталады. Сонымен қатар, «Қарағанды-Павлодар» және «Астана-Нұра-Теміртау» жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар жолдарда да ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, «Осакаровка-Молодежный» жолы бойынша 16 шақырым реконструкциясы аяқталды. Абай ауданындағы «Жартас-Долинка» жолындағы 21 шақырым учаскедегі жөндеу жұмыстарымен қатар, «Үштөбе-Құрылыс» жолындағы 9 шақырым учаскеде де құрылыс жүргізілуде. Ал «Саран-Шахтинск» жолында 19 шақырым учаскесі бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 2025 жылы «Нұра-Осакаровка» жолының 20 км учаскесінде жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ, жаңадан екі көпірдің құрылысы жүріп жатыр, олардың біреуі Теміртау-Токаревка, екіншісі Саран-Шахтинск жолдары бойынша салынып жатыр.
– Алдағы уақытта облысымыздың жолдарын дамытудың келесі кезеңінде жаңа жобалар іске қосылады. Бұл жобалар аясында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жақсарту үшін автоматты жүйелер мен заманауи материалдар қолданылатын болады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауылдардағы жолдардың жағдайы жақсарады, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мукашев.
Құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында барлық сынақ нәтижесі мен анықталған ақаулар KazRoadLab порталында тіркеледі. Жол сапасын арттыру үшін мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған курстар ұйымдастырылады. Осылайша, облысымыздағы жол инфрақұрылымының дамуы жалғасып, сапалы көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»