АУҒАНСТАНДАҒЫ АХУАЛ: АЙМАҚТАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АХУАЛҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Өткен аптада төрткүл дүниені елең еткізген басты ақпарат сөзсіз Ауғанстандағы ахуал болды. АҚШ әскері шығарылғаннан соң, мұнда Тәліптердің (*Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйым) күш алып, алдымен елдің ең ірі деген қалаларын, артынша ел астанасын басып кіргенін барлық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты.
Тіпті Қазақстан Президенті бұл орайда аз уақытта күштік құрылым жетекшілерімен екі бірдей жиын өткізді. Баршасы қауіпсіздік мәселесіне бағытталған. Президенттің твиттер парақшасында «Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда», — деп жазды.
Бұл жағдай аймақтағы экономикалық ахуалға қалай әсер етеді? Ауғанстандағы жағдай тек сол ел ғана емес, көрші мемлекеттердің экономикасына да кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылар осындай пікірде. Әсіресе, Пәкістан экономикасы зардап шегуі мүмкін. Өйткені бұл елдің мемлекеттік қарызы көп. Акциялары халықаралық валюта қорының 6 миллиард долларды құрайтын бағдарламасына байланысты. Сарапшылардың айтуынша, бүгінге дейін Пәкістанға 1,5 миллиондай ауған босып барды. Енді тәліптердің билік басына келуі жағдайды ушықтырса, Ауғанстан тарапынан келетін босқын саны одан да көбеюі ықтимал. Бұл Пәкістандағы тұрақтылыққа кері әсер етіп, экономикасына салмақ болуы мүмкін. Биылдың өзінде Пәкістан облигацияларының құны 8%-ке төмендеген. Ал халықаралық валюта қоры бұл елге соңғы 30 жылдан бері қаржылай көмек көрсетіп келеді.
Ал, Азиялық зерттеулер институтының директоры, «Ауғанстан тарихы» кітабының авторы Сұлтан Әкімбеков Қазақстанға Ауғанстаннан келер тікелей қауіп жоқ деп есептейді.
«Ауғанстанда кезекті эксперимент сәтсіз аяқталды, бұл жолы оны АҚШ жасамақ болды. Енді онда «Талибат» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұсынған архаикалыққа жақын қоғам моделін құруға талпынатын болады. Бізде мұнда тікелей қауіп жоқ. Тәліптер Ауғанстаннан тыс жерге шығуға ниеті жоғын талай мәлімдеген. Сонымен қатар, олармен көптеген ел келіссөз жүргізіп үлгерді: Қытай, АҚШ, Ресей, Иран. Сондықтан де-факто ықтимал серіктес ретінде мойындап отыр. Сондықтан олардың тарапынан агрессия күтудің қажеті жоқ. Бірақ біздің шекарамыздан қиыр жерде архаикалыққа жақын ережелері бар мемлекет болатындығынан еш жақсылық көріп тұрғаным жоқ. Бірақ барлық көршіміз «Талибаннан» қауіптенуіне байланысты Ауғанстанмен байланыс барынша аз болады. Бәрі саудаласады, бірақ адамдардың қоныс аударуына қарсы болады. Бұл ең жабық шекаралардың бірі болады. Бірақ қаншалықты ұзақ жабық болатыны өз алдына бір мәселе», — дейді Әкімбеков.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайров болса, «Ең басты қауіп — босқындар. Тәліптердің ойын ережесін қабылдамағандар көшуге мәжбүр болады, олар Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы Қазақстанға да келуі мүмкін. Босқындарды қабылдау — шығыны көп іс. Ірі ассигнация қажет болады. Босқындармен бірге Қазақстанға діни экстремизм өкілдері де кіріп кетуі мүмкін, олар Орталық Азия мен Қазақстан халқына заңды бұзбай-ақ идеологиясын жүргізіп отыруы мүмкін. Ауғанстан әмірлікке өтетін болса, біраз уақыттан кейін Орталық Азия елдеріне қарсы әскери экспансия қаупі пайда болуы мүмкін», — деп қауіптенеді.
Тәліптер қалайша оп-оңай жеңіске жетті деген сауал туады. Бұл туралы Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, дипломат, Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Өміртай Бітімов аз ғана уақыттың ішінде тәліптер қалайша билік басына келгенін түсіндірді.
«Істің бәрі осыған, яғни қазіргі сценарийге келе жатқан. Сарапшылардың бәрі де бір ауыздан Ауғанстандағы қазіргі режим құлайтынын айтысқан. Тек біреуі 3 ай десе, екіншісі 6 ай деп, уақыт жағынан ғана әртүрлі нұсқа болды. Экономика, қауіпсіздік бәрі америкалықтарға байланып тұрды. Бюджет донорлық қолдауға мұқтаж болды. 20 жылдың ішінде әлбетте, қоғамда, білім, әлеуметтік сала, өмір салтына қатысты өзгерістер көп болған. Болмады деп айтуға келмейді. Қазақстан да гуманитарлық көмек көрсетті. Ол да нәтижесін берген. Ауғанстанға прогрессивті көзқарасы бар адамдардың тобы қалыптасып үлгерді. Алайда ауған билігі қауіпсіздік пен экономиканың өткір мәселелерінің бәрін америкалықтарға артып қойды да, өздері жемқорлыққа бата берді»,– дейді Өміртай Бітімов. Бұл жемқорлық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр екенін де анық көрсеткендей.
Ел арасында дүрбелең тудырғанды ұнататындар Қазақстанға да босқындардың бір бөлігі жеткізілуі мүмкін екенін айтып жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшаснда «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», — деп жазды.
БАҚ БЕТТЕРІНЕН.