Аты аңызға айналған танкист

Қарағанды гарнизонының қарт майдангері, танкист, Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған Т-34-те соғысқан 98 жастағы Исмагилл Галиуллин өмірден озды.

Исмагилл Галиуллин 1926 жылы Башқұртстанның шағын ауылында дүниеге келген. Майданға ерікті болып аттанған. Ауыр шайқаста оның танкісі бірнеше рет соққы алды. Алайда соның бәрінен аман шықты. Ол майдан жолдарымен Берлинге дейін жетті. Соғыстан кейін Германия мен Батыс Украинада бес жыл қызмет атқарған. Әскерден оралған соң агроном мамандығын оқыды. Ол 35 жылдан астам уақытын кәсіптік мектепте оқытушылық қызметке арнады. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.

Жеңіс күні қарсаңында қарияны жыл сайын әскери қызметшілер арнайы келіп құттықтайды. Әскери оркестр ардагерге танымал әуендер орындап, қарт майдангер сүйікті «Үш танкист» әнін бірге шырқап келген.

Ардагер 2014 жылы Қарағанды облысындағы Спасск полигонына арнайы шақырылған. Қарт майдангер генерал Сұлтан Қамалетдиновпен (ол кезде «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы) бірге жауынгерлік машинаға отырып, жауынгерлік Т-72Б көптонналық танкімен ату және жүргізу нормативтерін «өте жақсы» деген бағаға орындаған болатын. 60 жылдан астам уақыт танк штурвалына отырмаса да, сол жолы майдангер тәжірибесін жоғалтпағанын дәлелдеген.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»