АТШАБАРЫ ЖОҚ ШАҺАР
Кейінгі жылдары ұлттық спорт барынша ұлықталуда. Оның ішінде: көкпар, бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлері тар шеңберден шығып, халықаралық деңгейде дамуда. Ұлттық спорттың қай түрі болмасын, жастардың ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін ұштайтыны шындық. Жігіттік дәуренін тұлпар мініп, тебініп өткізбесе де, аламан бәйгенің алдында жүруге құштар жігерлі жігіттер жетерлік. Бірақ, жылқы баптап, жарыс өткізуге мүмкіндік беретін спорт нысаны жоқ. Ұлттық спорттың ішінде ат спортын дамытуда облыс көлемінде атшабардың жоқтығы қынжылтады. Бұл мәселе – бұған дейін сан мәрте қозғалған салмақты тақырып. Бірақ, әр әкім ауысқан сайын ипподром жайы құр уәдеден әріге аспады. Осы орайда, Қарағанды облысының көкпар ат спортынан аға жаттықтырушы Нұржан Шайхинның пайымы мынадай:
— Біздің облыста ат спортын дамыту аса қажет. Штаттық шабандоздар мәселесі шешілсе деген арман бар. Ал, ат спорты серпін алу үшін алдымен ипподром керек. Атшабар барлық талаптарды ескерген болса, oл жерде делебені қозғырып, қиқулап отырар жанкүйерлер алаңы жасақталса. Жарыстарды тамашалауға жиналған жұрт жоғарыдан қолайлы жерден әр аттың шабысын көретіндей қашықтықта отырса. Клуб ашылып, аттар сатып алынса, ұлттық спорттың шашбауын көтеріп жүрген біраз жігіттерге бұл үлкен қолдау болар еді. Жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға стипендия тағайындау, республикалық жарыстар алдында оқу-жаттығу жиындарын өткізу жағдайы жа салса. Қазірдің өзінде «Қайрат» ат спорты мектебінде дайындалушы жасөспірімдерді кіммен жарыстырарымызды білмейміз. Себебі, бәсекелестік ахуал жоқ, атбегілік жайы тоқырап тұрған соң тартыста болмасы анық. Арқасы қозып атта шаппаған соң, атбегілердің де сағы сынады, жігері жасиды.
«Құлагер көп, Ақансерілер аз», — деп қамыққан «Қайрат» ат спорты мектебінің жетекшісі Шаризат Қазтаевтың айтуынша, ұлттық спортты ұлықтау қалалық жерде қиындық туғызады. Олай дейтініміз – жұрт баласын тегін дәріс болса да «Қайрат» ат спорты мектебіне жібере бермейді екен. «Біле-білген жан үшін атбегілік омыртқа сүйектерінің дұрыс дамуы үшін, ұл балаларда ер-азаматтық мінездің қалыптасуы үшін жатқан бір тегін терапия», — дейді ұлттық спорт жанашыры. Айтарын астарлап, мақалын мағыналап жеткізер қазақтай киелі халық ат әбзелдерінің әрбіріне үлкен мән беріп, көрегендік танытқан. Мысалға, жүген ұстау иелік өзімде дегенді сезіндірсе, атпен шабу еркіндікті аңғартады, ал, ертоқымға отыру таққа отырғанмен тең деседі. Жарайды, мұндай теңеу пәлсәфалық делік. Алысқа бармай-ақ, атқа отырудың бүгінгі күнге пайдасын айтар болсақ, жеткіншектерде жиі кездесер скалиоз сырқатына бірден бір ем екені баяғыда дәлелденген. Ал, бүгінде «Қайрат» ат спорты мектебіндегі он сегіз атқа дайындық топтарындағы санаулы оқушыдан ғана сұраныс түседі.
Жасөспірімдерде ат мінуге деген ниет жоқ болса, кәсіби атбегілерге қолдау жоқ. Оның бір дәлелі – біздің атбегілер ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда қашанда көзге түседі. Бірақ, осындай додаларға әркез жекенің меншігіндегі аттарды апаруға мәжбүр. Бұл дегеніңіз – тақымды жігіттердің мүмкіндігін тарылтумен тең. Жарыста жазатайым бір ат өліп қалса, оған өтем де жоқ. Өйткені, ол жанашырлардың бейресми жағдайда берген жылқысы. Ол жылқыға ешқандай құжаттық сақтандыру жасалмаған. Біздегі ат спортының адам аярлық осындай ахуалын білгенде санада заңды сауал туындайды. Хоккей, футбол, гандбол, баскетбол сынды спорт түрлеріне қаржы құйылып, ойыншыға жағдай жасалып, бапкеріне жалақы бекігенде ұлттық спортты қолдауға келгенде не қол байлау?!
Бұл орайда ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктерді, спорт клубтарын құру құқығы туралы Заңның 22 бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бастамалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктер, әуесқой және кәсіпқой спорт клубтары мен оларға теңестірілген ұйымдар құруға құқығы бар» делінген. Сонда заңдық құқымыз бар, қолдаулық мүмкіндік болмай тұрғаны ғой?!
Осы орайда аймақтағы спорттық ахуалға жауапты басқарма басшысының пікірін білуді жөн көрдік. Айтылған ақпар қуантарлық. Қазірдің өзінде ұлттық спорт бойынша өңірлерден он штат бөлінген. Яғни, бапкерлер жалақы ала отырып, жауапты жұмыс жасауға міндеттеледі. Темірхан Абылаевтың айтуынша: Күнгей мен Үштөбе ортасынан 50 гектар жер атшабар орыны ретінде таңдалыпты. Жер жобасы, сызбасы даярланып, әкім қаулысы да шыққан. Енді құжаттық рәсімдеу шарасы ғана қалған. Қысқасы, атбегі азаматтарға, жүзден жүйрік шығар қазанаттарға ендігіде қолдау болады делінді. Бұл сөздің қаншалықты шындығын шаң көтерген жарыстар көрсетер.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»