Атмосфералық ауаның мониторингісі

Атмосфералық ауаны қорғау – оның сапасын жақсартуға және адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердің алдын алуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі. Атмосфераның ластану көздері ретінде жылу электр станциялары мен түрлі қазандықтар қарастырылады. Сондай-ақ қатты немесе сұйық отынды жағу кезінде немесе автокөліктер, өнеркәсіптік нысандар атмосфераға құрамында көміртегі диоксиді, көміртегі оксиді, күкірт, азот, көмірсутектер мен қатты бөлшектер (күл, шаң, күйе) бар түтін бөледі.

Санитариялық қызметтің негізгі бағыттарының бірі – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы атмосферасындағы атмосфералық ауаның мониторингісі. Мұндай байқаудың мақсаты – атмосфераға ластаушы заттардың концентрациясы туралы мәліметтер жинау.

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мониторинг негізінде алынған деректерге талдау жүргізеді, баға береді, сондай-ақ халықтың денсаулық жағдайы мен қоршаған ортаны ластайтын факторлардың әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындайды, өйткені атмосфералық ауаның ластануы тыныс алу органдары мен жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының ұлғаюына алып келеді.

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бақылауында атмосфераға зиянды шығарындыларды шығаратын 15 өндірістік кәсіпорын бар. Атмосфераға зиянды шығарындылары бар барлық өндірістік кәсіпорындардың санитариялық-қорғаныш аймақтары бар. Зертханалық құралдық зерттеулер жүргізу үшін қала «шартты таза» және «шартты лас аймақтарға» бөлінген, 29 бақылау орны анықталған.

Бақылау орындары қаладағы, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш аймақтарының шекараларындағы ең қозғалысы көп көлік магистральдарын қамтитындай етіп айқындалған. «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қарағанды облысындағы филиалы атмосфералық ауаның сапалық құрамына келесі көрсеткіштер бойынша зертханалық аспаптық зерттеулер жүргізеді: шаң, күйе, фенол, формальдегид, күкірт қышқылы, қорғасын, бензол, күкіртті сутек, азот диоксиді, күкірт диоксиді, ксилол, көмірсутектер, аммиак, ацетон, толуол.

2022 жылдың 5 айында аудан бойынша атмосфералық ауаға 3 930 зерттеу жүргізілді, оның 111-інде рұқсат етілген концентрация көрсеткіштерінің артқаны, оның ішінде үшеуі жылдың жылы мезгілінде қаланың қозғалысы көп автомагистральдарында анықталды. «Тазалық эксперт» ЖШС-на осы кезеңде автомобиль жолдарын күнделікті сулау ұсынылды.

Атмосфераға бөлінетін шығарындыларды азайту мақсатында барлық өндірістік кәсіпорында зиянды заттарды сүзіп қалатын арнайы қондырғылар бар, сонымен қатар қоршаған ортаға және атмосфералық ауаға теріс әсерді азайту шаралары дайындалды.

Қасымова С.К.,

«Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ бас маманы