Қатерлі дерттен қауіп көп

Қарағанды облысы онкологиялық аурулардың асқынуы бойынша елімізде төртінші орында тұр. Аймақта қатерлі ісікке шалдыққандардың басым дені – әйелдер. Әсіресе сүт безі обыры асқынып тұр екен. Тек соңғы жарты жылдың өзінде кеншілер шаһарында 340 келіншектен сүт безінің ісігі анықталған. Мамандар ерте бастан анықталған қауіпті дерттің емделетінін айтып отыр. Ал ол үшін нені білу керек?

Онкологиялық сырқаттарды емдейтін ауруханаға кіріп барсаң, үміті мен күдігі арпалысқан жандарға көзіңіз түсер еді. Соның бірі – Ресейдің Любовь Ламанова есімді азаматы. Көптің бірі сынды ол да бір күні басына үлкен сынақ келерін сезбеген. Скрининг тапсырған соң енді пайда болып келе жатқан қатерлі ісік анықталыпты. Ауыр диагнозын білген соң Қазақстанда емделуді жөн санап Қарағандыға келген. Бүгінде сырқатынан құлантаза сауығып, қатарға қосылыпты.

– Қауіпті диагноз анықталған кезде, науқасқа бірінші жанашыр адам – жақындары. Сондықтан індеттің атын естіп өз-өзін жегідей жеуге болмайды. Қазір ауру алғашқы кезеңде анықталса, оны 100 процент емдеп жазуға болады. Содан кейін дер кезінде скринингтік бақылаудан өтіп отыруы тиіс. Заманауи медицина мен білікті мамандарға қаралған жөн, – дейді Любовь Ламанова.

Мерзімді скринингтеу індетті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Артынша әйелдер КТ, УДЗ, маммографиядан өтіп жіті бақыланады. Себебі мамандар індет жасарып келе жатқанын айтады. Бұрын 50 жастан асқан әйелдер арасында анықталатын ауру соңғы уақытта 40 жастағы келіншектер арасынан да анықталатын болған.

– Сүт безі, негізінен, репродуктивті орган болып есептеледі. Яғни босанған соң баланы емізу керек. Бірақ қазір көптеген әйел жұмыс бабымен емізе бермейді. Бұл да кері әсерін береді. Індеттің асқынуы гинекологиялық аурулардың асқынуынан да болады. Сондықтан әйел адам бірінші кезекте ай сайын өзін-өзі бақылап, төс тұсында өзгерістер мен аурулар болса, бірден қаралуы керек, – дейді маммолог дәрігер Әсел Үйсін.

Қарағандыда жыл сайын тұрғындар арасында 3 700-ге жуық қатерлі ісік анықталады екен. Соның 15 пайызы – сүт безінің обыры. Бұл – індеттің дәл осы түрі өзгелермен салыстырғанда көш бастап тұр деген сөз. Десе де әйелдер арасындағы індеттің 80 пайызы 1, 2-кезеңде анықталып жатады. Сондықтан мамандар әйелдерге жылына бір мәрте скрининг тапсырып, маммолог дәрігерге көрінуге кеңес береді.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»