Атаулы әлеуметтік көмек қысқарды: Кімдер тізімнен шықты?
Соңғы бір жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны айтарлықтай қысқарды. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы бұл төлемді 410 мың адам алса, 2025 жылы көрсеткіш небәрі 290 мың адамға жетті. Жалпы төлем көлемі 33 миллиард теңге болды – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 миллиардқа аз. Мамандар мұны талаптардың күшеюімен және мұқтаждарды анықтау тетіктерінің өзгеруімен байланыстырады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы Әсия Құрманқұлованың айтуынша, кейде әлеуметтік көмекке өтініш берген адамдар құжат бойынша табысы төмен болып көрінеді, бірақ тұрғылықты жеріне барғанда мүлде басқа жағдай анықталуы мүмкін.
– Кейде мүлікті жақын туыстарына рәсімдеп қояды. Кейде табысы жоқ болса да жалдамалы пәтерде тұрады, ал жалдау ақысын төлеу керек, демек көлеңкелі табыс бар, – дейді Әсия Құрманқұлова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде АӘК төлемінің кейде сән-салтанатта өмір сүретін адамдарға кеткені де даулы мәселе ретінде әлі күнге дейін есте. Кейбір азаматтар төлем мөлшері жалақымен шамалас болғандықтан жұмыстан кеткен, ал енді біреулері отбасының табысын жасанды түрде төмен көрсету үшін жалған ажырасуға барған.
Талаптарды бұзған отбасыларға нақты шаралар қолданылуда: егер жалған мәлімет берілсе немесе еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса, бүкіл отбасы 6 ай мерзімге АӘК алу құқығынан айырылады.
Сонымен қатар енді тек отбасының табысы ғана емес, шығындары да есепке алынады. Егер жан басына шаққандағы шығыс кедейлік шегінен жоғары болса, АӘК тағайындалмайды. 2025 жылы АӘК-ке бюджеттен 33 миллиард теңге жұмсалды. Ал бастапқыда кедейлер саны күрт артып кетсе деген қауіппен 132 миллиард теңге қарастырылған болатын. Нәтижесінде пайдаланылмаған қаражат бюджетке қайтарылып, басқа әлеуметтік бағыттарға бөлінді. Биылғы жылға АӘК-ке 88 миллиард теңге қарастырылған.
Жалпы, әлеуметтік көмек жүйесінде жүргізілген реформалар мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді тиімді әрі әділ етуге бағытталған. Бірақ бұл өзгерістер кейбір отбасы үшін төлем алуға қосымша талаптар туындатқанын көрсетіп отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


