Атадан – мирас, ағаштан – тамыр: Қарағандыда отбасы күні «Отбасы ағашымен» басталды

Халықаралық отбасы күніне орай Қарағанды облысында 100-ден астам шара өткізу жоспарланып отыр. Ауқымды мерекелік бағдарлама «Отбасы ағашы» атты ерекше акциямен бастау алды. Бұл символдық шара – отбасы құндылықтарының беріктігін, ұрпақтар сабақтастығын және табиғатқа деген қамқорлықты дәріптейтін маңызды бастама.

Қарағанды қаласындағы Таугүл шағынауданында өткен ағаш отырғызу акциясында жүзге жуық жас көшет отырғызылды. Шараға «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылар, көпбалалы ата-аналар, этномәдени бірлестік өкілдері, еріктілер мен қоғам белсенділері қатысты. Олардың әрқайсысы өз отбасының атынан бір ағаш отырғызып, ұрпағына өнеге боларлық іс жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ағаштар тек табиғатты көгалдандыру үшін емес, отбасылық құндылықтардың символы ретінде де өсіп-жетілетін болады.

Шара Қарағанды облысының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Комиссия мүшесі Индира Тоқмурзина бұл акцияның тәрбие мен ынтымақты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі акция – отбасы құндылықтарын дәріптеуде бастаушы болады. Мұндай бастамалар арқылы біз қоғамдағы татулық пен жауапкершілікті арттыра аламыз», – деді ол.

Шараға қатысқан Бибігүл Смақанова – ұзақ жылдар ұстаздық еткен ардагер, бүгінде немерелерінің тәрбиесіне көңіл бөліп жүрген жан. Ол – «Мерейлі отбасы» байқауының 2023 жылғы қалалық кезеңінің жеңімпазы.

«Ағаш ексең – тамыры терең, тәрбие берсең – ұрпақ өркен. Бұл бастама жас ұрпаққа үлкен тәрбие береді», – деді ардақты ана.

Акцияға ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Перизат Күлімбетова да отбасымен бірге қатысып, немерелеріне ағаш отырғызудың маңызын түсіндірді:

«Бұл тек көгалдандыру емес, балаға өмірлік құндылықтарды үйретудің жарқын үлгісі», – дейді ол.

Шара аясында облыс көлемінде мәдени және спорттық бағдарламалар, шеберлік сабақтары, көрмелер мен қайырымдылық акциялары өткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастамалар әр отбасы мүшесінің қоғамдағы рөлін нығайтып, өзара сыйластықты арттыруға бағытталған.

Халықаралық отбасы күніне арналған шаралар Қарағанды облысында отбасылық институттың дамуына тың серпін бермек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»